Тәжікстан климаттық тәуекелдерге бейімделуді күшейтіп жатыр – сарапшы
Гидрометеорология агенттігі басшысы аймақтағы өзгерістердің қауіпін атады.
Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Қоршаған ортаны қорғау комитетінің Гидрометеорология агенттігінің директоры Абдулло Курбонзода Орталық Азия климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясында өңірдегі климаттық тәуекелдерге тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Курбонзоданың айтуынша, климаттың өзгеруі су ресурстарына, экожүйелерге және халықтың әл-ауқатына тікелей әсер етуде.
Климаттық өзгерістер су тапшылығын күшейтіп, экстремалды ауа райы құбылыстарының жиілеуіне әкеліп отыр, - деді Абдулло Курбонзода.
Оның сөзінше, әсіресе таулы аймақтарда мұздықтардың еруі мен су ресурстарының азаюы үлкен қауіп төндіреді.
Бұл үрдістер ауыл шаруашылығына, энергетикаға және жалпы экономикалық тұрақтылыққа әсер етеді, - деді ол.
Курбонзода климатқа бейімделу шараларын күшейтудің маңызын атап өтті.
Бізге мониторинг жүйесін жетілдіріп, деректер сапасын арттыру және өңірлік ынтымақтастықты нығайту қажет, - деді спикер.
Сондай-ақ ол климаттық тәуекелдердің трансшекаралық сипатына назар аударды.
Бұл мәселелерді тек бірлескен әрекет арқылы шешуге болады, - деді агенттік басшысы.