Тазалықтың тірегі: Арнайы техниканы тізгіндеген еңбек адамы
Қаланың қақ ортасында қарбалас қозғалыстың арасында ауыр техниканың тізгінін ұстап, тынымсыз еңбек етіп жүрген жандарды көпшілік байқай бермейді. Бірақ елорда көшелерінің таза да ұқыпты көрінуі – дәл сол көрінбейтін еңбектің жемісі. Таңмен таласа тұрып, Астананың жолдарын шаңнан аршып, қыста – қалың қардан, көктемде – батпақтан, жазда – шаң-тозаңнан тазартып жүрген арнайы техника жүргізушілері қаланың айнадай жарқырап тұруына елеулі үлес қосады. Солардың бірі – он жылдан астам уақыт бойы "Астана Тазалық" ЖШС-да еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі арнайы техника жүргізушісі Сүндет Қойбағаров.
Алғаш жұмысқа келгенінде ол слесарь болып кірген. Уақыт өте келе тәжірибе жинап, арнайы оқудан өтіп, ауыр техника жүргізуге ауысқан. Бүгінде қала тазалығын қамтамасыз ететін негізгі техникалардың бірі оған сеніп тапсырылған.
Таңғы жұмысымыз медициналық тексерістен басталады. Қан қысымымыз өлшенеді, мас күйде еместігіміз тексеріледі. Одан кейін арнайы техникамыздың майын, щеткасын, барлық жүйесін қарап шығамыз. Егер бәрі дұрыс болса, маршрут алып, жұмысқа кірісеміз, – дейді жүргізуші.
Ауыр техниканың жұмыс көлемі маусымға қарай өзгеріп отырады. Жазда – көшені сумен жуу, сыпыру, шаң басу; қыста – қар күреу, мұз қыру, жол ашу.
Қыс мезгілінде еңбектің салмағы екі есе артады. Боран соқса, жол мүлде көрінбей қалады. Мұзға тайғанамас үшін де, басқа көліктерге кедергі келтірмес үшін де өте сақ болу керек. Жазда шаң көп, тоқтамай жүресің. Әр маусымның өз қиындығы бар, – дейді Сүндет Қуантайұлы.
Жолдағы жағдай әрқашан бірдей бола бермейді.
Көлігін жолдың жиегіне дұрыс қоймайтындар жиі кездеседі. Мұндайда жуу не сыпыру техникасымен өтіп кету өте қиын. Бірақ көпшілік түсіністік танытып, жол береді. Жалпы халықпен қарым-қатынасымыз жақсы, – деп ағынан жарылды жүргізуші.
Оның айтуынша, арнайы техниканы тізгіндеу – жай ғана көлік айдау емес. Бұл – жауапкершілігі жоғары жұмыс.
Айналада адамдар жүреді, жолда басқа техникалар бар. Әр қимылың есеппен жасалуы керек. Қауіпсіздік ережесін сақтамасаң, бір сәтте мәселе тууы мүмкін. Щетка жұмыс істеп тұрғанда жанында адам болмауын қадағалаймыз, жылдамдықты асырмаймыз. Арнайы киім, жилет – бәрі міндетті. Жұмысқа салғырт қарауға болмайды, – дейді ол.
Түнгі кезекшілік оған ыңғайлы көрінеді.
Таңертең қозғалыс көп, жүру қиын. Ал түнде жол бос болатындықтан техникамен еркін жүресің, жұмысты тез аяқтауға мүмкіндік болады, – дейді қызметкер.
Кейде ерекше сәттер де болып тұрады.
Қатты боранда таңға дейін көшені ашып жүргеніміз болды. Бірде қалың қарда қалып қойған көлікті шығарып, көмек бергенбіз. Мұндай сәттер жұмыстың қаншалық маңызды екенін көрсетеді, – дейді жүргізуші.
Ол қаланың қауіпсіз және таза болуы үшін қолынан келгенін аямайтын еңбек адамдарының бірі.
Менің міндетім – жолды сумен жуу, көшені сыпыру, жиектастарды тазалау, қыста – қарды күреу, мұзды қыру. Техниканы уақытылы қарап, ақау болса бірден хабарлау керек. Маршрутты толық орындау – басты талап, – дейді тазалықтың сақшысы.
Маманның тұрғындарға да айтары бар.
Қоқысты дұрыс тастаса, көлікті жолға дұрыс қойса, біздің жұмыс әлдеқайда жеңілдер еді. Қар жауғанда техниканың жүруіне кедергі жасамаса, қала таза әрі тәртіпті болады. Тазалық – бәрімізге ортақ, – деп ой түйді жүргізуші.
Қаланың жарқырап тұруының артында міне, осындай үнсіз еңбек иелерінің маңдай тері жатыр. Көпшілік байқамайтын, бірақ күн сайын сезіліп тұратын тәртіп пен тазалық – дәл осы адамдардың қажырлы еңбегінің нәтижесі.