11 Тамыз 2026, 16:00 Фото: «Байтақ» жасылдар партиясы

Тазалыққа бастар жол – өзіңнен басталады: Астанада эко-сенбілік өтті

«Байтақ» жасылдар партиясының бастамасымен Астанада экологиялық сенбілік өтті. Іс-шараны қоршаған ортаны қорғау полициясы қолдап, елорда маңындағы су қоймаларының бірінің аумағын тазалауға партия өкілдері мен еріктілер жиналды.

Қолдарына тырнауыш пен күрек ұстаған белсенділер су айдынының маңын тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Олар шашылып жатқан пластик құтылар, шыны ыдыстар, қағаз қораптар мен басқа да заттарды жинап, арнайы қаптарға салды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай сенбіліктің мақсаты белгілі бір аумақты тазалаумен ғана шектелмейді. Ең бастысы – табиғатқа жанашырлықты күнделікті өмір салтына айналдыру.

«Бастамаға жастардың белсенді үн қосып отырғаны қуантады. Бұл – жақсы үрдіс. Экология заңнамасын сақтау, қоршаған ортаға жанашырлық таныту – әр азаматтың парызы. Тәртіп бар жерде тазалық та болады», – деді профилактикалық қызмет басқармасының бастығы Руслан Қаржаспеков.

«Байтақ» партиясының республикалық штабының басшысы әрі Құрылтай сайлауына кандидат Алмат Тұртаев та сенбілікке қатысқан жастарға алғыс білдірді. Оның айтуынша, қоршаған ортаға қамқорлық үлкен бастамалардан емес, әр адамның күнделікті әрекетінен басталады.

«Қазір біреуді күштеп жұмыс істететін заман емес, әсіресе жастарды. Бүгінгі шараға қыз-жігіттер өз еркімен, саналы түрде келді. Сол үшін оларға алғысым шексіз. Осындай жастары бар елдің болашағы жарқын», – деді Алмат Тұртаев.

Экологиялық сенбілікке шамамен 50 адам қатысты. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде тұрмыстық қалдықтар 30-дан астам қапқа жиналып, арнайы полигонға жөнелтілді.