Бүгiн 2026, 15:46 Фото: gov.kz

Тазалық, көңіл көтеру және тәтті-дәмді: Астанада Тазару күні аталып өтті

Наурызнама онкүндігі жалғасуда.

«Наурызнама» онкүндігінің соңғы күні – 23 наурыз Тазару күні ретінде аталып өтеді. Осы күнге орай Алаш тасжолы бойындағы «Keryen Joly» сауда орталығының ашық алаңында ондаған қала тұрғынына арнап маңызды іс-шара өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Астана қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.

Мерекелік іс-шараны Байқоныр ауданының әкімдігі ұйымдастырды.

Алаш тасжолы бойындағы алаңның таңдалуының да өз мәні бар, бұл мерекенің әрбір жаяу жүргінші мен жүргізушіге ашық әрі қолжетімді екенін білдіреді.

«Тазару күні» – тек бір реттік тазалық акциясы емес. Бұл «тазалық әр адамнан басталады» қағидатын өмір салтына айналдыруға бағытталған маңызды қоғамдық бастама. Қазіргі цифрлық дәуірде ортақ құндылықтар төңірегінде бірігу мен тікелей қарым-қатынас бұрынғыдан да маңызды, – деді Байқоныр ауданы ішкі саясат бөлімінің бас маманы Батырбек Нұрислам.

Іс-шараға сауда орталығы мен жастар ұйымдары тарапынан шамамен 40 адам қатысып, қонақтарға тәтті-дәмді ұсынып, нағыз қазақы қонақжайлықтың атмосферасын қалыптастырды. Бұл Наурыздың басты құндылықтары – бірлік пен ортақ еңбектің айқын көрінісіне айналды.

Қонақтарға тек ойын-сауық емес, өз қаласын көркейту ісіне үлес қосу мүмкіндігі де ұсынылды. Қолдарына күрек, қап пен қолғап алған қатысушылар айналаны қоқыстан тазартты.

«Өзіңнен баста» қағидасы мерекенің басты ұранына айналды.