Тазабек, қайырымдылық және сенбілік: Астанада экология күні ерекше өтті
Балалар табиғатты қорғауды ойын арқылы үйренсе, жастар саябақтарды тазартты. Елордадағы экологиялық бастамалардың басты нәтижесі қандай?
Елордада «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында балалардан бастап жастарға дейін қамтылған бірқатар экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Акциялардың негізгі мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғатты қорғауға жауапкершілікпен қарауды насихаттау және қала тазалығын сақтауға қоғамның белсенді қатысуын арттыру.
Балабақшадағы экологиялық тәрбие: Тазабек балалармен бірге селфи-трендке қатысты
Астана қаласының №58 «Өркен» балабақшасында «Таза Қазақстан» және «Қамқор» республикалық жобалары аясында «Таза Қазақстан – мейірімді жүрек» атты тәрбиелік-экологиялық іс-шара өтті.
Іс-шараның ерекше сәттерінің бірі – тазалықтың символына айналған Тазабектің бүлдіршіндермен бірге танымал селфи-трендке қатысуы болды. Кейіпкер балалардың қасына күтпеген жерден кадрға қосылып, тәрбиеленушілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Мерекелік бағдарлама спорттық эстафеталар, қызықты ойындар мен флешмобтар арқылы жалғасып, балаларға тазалық сақтаудың, табиғатты аялаудың, қалдықтарды сұрыптап, жауапкершілікпен қараудың және жануарларға қамқорлық жасаудың маңызы түсіндірілді.
Сонымен қатар, ата-аналардың қатысуымен «Бақша өнімдері» қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Онда ұсынылған табиғи өнімдерді сатудан түскен қаражат жануарларға арналған паналау үйіне көмек ретінде аударылды.
Ал «Қалдықтан құндылыққа» көрмесінде қайта өңдеуге болатын материалдардан жасалған қолөнер бұйымдары қойылып, балалар мен ата-аналардың шығармашылық жұмыстары таныстырылды. Бұдан бөлек, «Жас бағбандар» белсенділігі барысында тәрбиеленушілер өздері күтіп-баптап жүрген көкөністер туралы айтып, еңбек пен табиғатты қорғаудың маңызын көрсетті.
Балабақша меңгерушісі Гүлнұр Мырзабулованың айтуынша, мұндай бастамалар балалардың бойында қоршаған ортаға ұқыпты қарау, жануарларға жанашырлық таныту, еңбекқорлық пен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.
«Жасыл ел» сарбаздары саябақтарды тазартты
«Таза Қазақстан» акциясы аясында Байқоңыр ауданындағы Ұстаздар саябағында да экологиялық сенбілік өтті. Оған «Жасыл ел» еңбек жасағының 70-ке жуық сарбазы қатысып, саябақ аумағын қоқыстан тазалап, арамшөптерді жұлып, қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмыстарына атсалысты.
Байқоңыр ауданы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Нұрислам Батырбектің айтуынша, бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған.
Оның сөзінше, Ұстаздар саябағы аудан тұрғындары жиі келетін демалыс орындарының бірі болғандықтан, мұндай аумақтардың тазалығы тұрғындардың жайлылығы мен денсаулығына тікелей әсер етеді. Сондықтан акция тек саябақты тазартумен шектелмей, жастардың бойында еңбекқорлық пен табиғатқа жанашырлық қасиеттерін қалыптастыруды көздейді.
«Жасыл ел» еңбек жасағының белсендісі, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы BINOM School мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Диана Ермағанбет табиғатты қорғау әр азаматтың міндеті екенін атап өтті.
Оның айтуынша, табиғатты таза ұстау ең алдымен қоқыс тастамаудан басталады. Сонымен бірге, көшелерді күн сайын тазалайтын коммуналдық қызметкерлердің еңбегін бағалап, қоғамдық орындарда тазалықты сақтау – әр тұрғынның азаматтық жауапкершілігі.
«Жастар» саябағында Taza Qazaqstan экология күні өтті
Экологиялық акция аясындағы тағы бір маңызды іс-шара елордадағы «Жастар» саябағында ұйымдастырылған Taza Qazaqstan экология күні болды. Оған түрлі буын өкілдері, мәслихат депутаттары, экологтер, белсенді тұрғындар және «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының сарбаздары қатысты.
Акция барысында қатысушылар саябақ аумағын қоқыстан тазартып, көгалдар мен жаяу жүргіншілер жолдарын ретке келтірді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Жастар» саябағының таңдалуы кездейсоқ емес. Бұл – қала тұрғындары мен қонақтары ең көп келетін қоғамдық демалыс орындарының бірі. Сондықтан мұндай аумақтардың тазалығын сақтау мәдениетін қалыптастыру ерекше маңызды.
Экологтер мен сарапшылар мұндай акциялар қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды тұрақты дағдыға айналдырып, азаматтық белсенділікті арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Іс-шара соңында жиналған қоқыс арнайы орындарға шығарылып, саябақтың көгалды аумақтары толық тазартылды. Қатысушылар туған қаланың тазалығы әр адамның өзінен басталатынын тағы бір мәрте еске салды.
Елордада ұйымдастырылған бұл экологиялық бастамалар балаларды, жастарды және ересектерді ортақ мақсатқа жұмылдырып, табиғатты қорғау, тазалық сақтау және қоғамдық жауапкершілікті нығайту бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасып жатқанын көрсетті.