"Таза Қазақстан". Вандализммен күрес жалғасын тапты

«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының бастамасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны аясындағы road-эстафета жалғасуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгін road-эстафетаның екінші күнінде Астанадан шыққан алдыңғы топ пен Қарағанды белсенділері «Спасск» мемориалдық кешенінің аумағын қоқыстан және вандализм іздерінен тазартты. Олар Ақсу-Аюлы мен Шет ауданының аумағын жүріп өтіп, Балқашқа қарай бет алды.

«Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова road-эстафета аясында жан-жақты жұмыс жүргізілетінін айтты.

Бүгін road-эстафетаның екінші күнінде қоқыспен бірге вандализммен күресудеміз. Қарағанды-Балқаш бағытында кездескен ескерткіштерді де ретке келтірудеміз. Өздеріңіз білесіздер, вандалдық әрекеттердің жиілеп кетуіне байланысты қылмыстық кодекске арнайы бап енгізіліп, құқық бұзушылықтарды жазалау шаралары күшейтілді. Бұл вандалдармен күресте қолданылатын жақсы тәсілге айналды. Былтыр қазан айында бастау алған вандализммен күрес республикалық акциясы road-эстафетада да көрініс табуда. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан белсенділердің көңіл-күйі жақсы. Кеше Астана-Қарағанды тас жолында 1 күннің өзінде 13 тонна қоқыс жинадық. Автокөлікпен жол бойында кетіп бара жатқанда қоқыстар көзге көрінбейді. Ал шын мәнінде қоршаған ортамызда қоқыс өте көп. Сондықтан жастар атынан барлығыңызды тазалыққа, саналы экологиялық орта құруға шақырамын, - деді ол өз сөзінде.

Жастарға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлы қосылып, вандализмге ұшыраған ескерткіштерді олармен бірге ретке келтірді.

Акцияның пайдасы зор. Мысалы күні кеше 3 қап қоқыс жинадым. Бүгін жастардың қатарына қосылдым. Вандалдардан кейінгі қалған ізді жойып, тас жолы аумағы мен оған қарасты аймақтарды қоқыстардан тазартудамыз. Сондай-ақ Ақсу-Аюлы халқымен де кездесіп үлгердік, - деді Жарқынбек Амантайұлы.

Депутат Ақсу-Аюлыда азаматтарды қабылдап, халықтың өзекті мәселелеріне құлақ асты.

Сондай-ақ белсенділер Қарағанды-Балқаш тас жолы мен оның аумағын қоқыстан тазартып, сұрыптауда. Жиналған қоқыс қаптарға сұрыпталып, «ҚазАвтожол» машиналарына тиеліп, қоқыс полигондарына шығарылады. Қатты қалдықтар «Қазақстанның қайталама шикізат өңдеушілер қауымдастығы» басқармасының қолдауымен қайта өңдеуге жіберілетін болады.

Өте жақсы бастаманың куәгері болып отырмыз. Экологиямыз үшін қоқысты сұрыптау өте маңызды. Өздеріңіз білетіндей, дамыған елдер тұрмыстық қалдықтарды қайтадан өңдеп, барынша кәдеге жаратуда. Бұл үрдіс бізге де аса қажет. Сұрыптау – қоқыс көлемін азайтуға, табиғи ресурстарды үнемдеуге және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Сондықтан Жастар қанатының бұл бастамасына біз қуана қолдау білдірудеміз, - дейді қауымдастық төрағасы Батырбек Әубәкіров.

Еске сала кетейік, былтыр 20 қазанда «Жастар Рухы» жастар қанаты Қазақстанның тарихи, мәдени және табиғи мұрасын вандализмнен сақтауға бағытталған республикалық ауқымды акцияны бастады. 2500-ден астам «Жастар Рухы» белсендісі мен волонтері 500-ден аса тарихи, мәдени ескерткіштерді тазартты. Акция барысында «Таңбалы тас» петроглифтерін, «Ақбауыр» шатқалын, Ш. Құдайбердіұлының, С. Сейфуллиннің, Бөгенбай батыр, Кенесары хан ескерткіштерін, «Тектұрмас» кесенесін, «Ыбықты сай» шатқалын, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңындағы қорғанын, «Шақпақ ата», «Сұлтан Үпі», «Қараман ата» жерасты мешіттерін қоқыстар мен жазулардан тазартты. Акция күні бүгінге дейін республиканың барлық аймақтарында жалғасуда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Жастар Рухының баспасөз қызметі/Асылхан Сейдахмет
Өзгелердің жаңалығы