«Таза Қазақстан» – қоғамды біріктіретін құндылық
Бастама – ішкі мәдениет, жауапкершілік және ұлттық болмыстың ажырамас бөлігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының қоғам үшін маңызын айқындап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бұл жоба қысқа мерзімді науқан емес, елдің болашағына бағытталған ұзақмерзімді құндылық.
“Таза Қазақстан” бастамасы – жай ғана кезекті саяси науқан немесе үгіт-насихат емес, бұл – мемлекетіміздің мызғымас идеологиясы, - деді Президент.
Соңғы екі жыл ішінде бұл бастама қоғамда кең қолдау тапқан. Әсіресе жастардың белсенділігі артып, тазалық мәдениеті біртіндеп күнделікті өмір салтына айналып келеді.
Президент атап өткендей, азаматтар тазалықты сөз жүзінде емес, нақты іспен дәлелдеуде.
Бұл тұрғыда Наурыз мейрамы «Таза Қазақстан» идеясын терең насихаттайтын маңызды кезең ретінде қарастырылады. Себебі дәл осы уақытта табиғат та, адам да жаңарып, жаңа бастамаларға қадам жасайды.
Президенттің айтуынша, тазалық тек қоршаған ортаны ретке келтірумен шектелмейді. Ол – ішкі мәдениет, жауапкершілік және ұлттық болмыстың ажырамас бөлігі. Сондықтан бұл қағиданы тек мереке кезінде ғана емес, жыл бойы ұстану қажет.