Таза Қазақстан. Ерекше балалардың аналары республикалық акцияға үн қосты
Ертіс өңірінде аутизм және өзге даму ерекшеліктері бар балалардың ата-аналары республикалық тазалық шарасына үн қосып, «Таза Баянауыл үшін» акциясын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Ерекше балалардың аналары Баянауыл ауданында демалған кезде қолдарына қапшық алып, тау-таста жатқан қоқыстарды жинады. Осылайша, жас ұрпақтың санасына экологиялық тәрбие сіңіруді көздеді. Аналардың айтуынша, Баянауыл тауларында жауапсыз туристерден кейін пластик, шыны қалдықтары көп жатыр.
Баянауыл – сүйікті демалыс орнымыз. Менталды ауытқушылықтары бар балаларды оңалтудағы маңызды әрекеттердің бірі – табиғат аясындағы саяхаттар. Біз ата-аналармен бірге демеушілердің көмегімен осы жерге келіп, саяхат жасаймыз. Енді сүйікті Баянауыл өңірі таза болсын деп республикалық шараға қолдау білдірдік. Балалармен бірге қоқыс жинап, айналамызды тазарттық, - дейді «Алтын бата» қоғамдық қорының жетекшісі Евгения Стельвага.
Бұл – Баян жеріндегі жалғыз экологиялық шара емес. «Таза Қазақстан» акциясына еліміздің еріктілері де атсалысты.
«Баянауыл» табиғи-ұлттық паркінің директоры Аждар Жүсіповтің айтуынша, ең еңбекқор волонтер ынталандыру ретінде шағын сыйлықтар да тарту етілді.
Экологиялық акция барысында мемлекеттік инспекторларға Астана, Павлодар, Екібастұз қалаларының жастары көмектесті. Олар тынығушылардан қалған тұрмыстық қалдықтарды жинады. Жасыбай көлінің маңайын тазартуға шамамен 60 жас ерікті келді. Акцияның ең кішкентай қатысушысы, тоғыз жасар Фатима есімді қыз болып шықты. Біз оған белсенді қатысқаны үшін ақшалай сертификат пен Баянауыл өлкесінің белгілері бар естелік сыйлықты табыстадық, - дейді А. Жүсіпов.