"Таза Қазақстан" экологиялық акциясы Алматыда басталды
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырды. Сонымен қатар жолдарды ретке келтіру міндеті жүктелді.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жұмыстарға тұрғындар мен еріктілерді тұрақты түрде тарту маңызды екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, елді мекендер мен қоғамдық демалыс орындарын күтіп-баптау әкімдер қызметін бағалаудың тағы бір өлшемі болмақ.
Осыған орай бүгін, 8 сәуір күні, республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды.
Науқан 5 аптаға созылады. Әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты болмақ.
Науқанның алғашқы күнінен 13 сәуірге дейін созылатын бірінші апта «Таза өлке» деп аталады. Бастапқы жеті күн ішінде елдімекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалайды.
20 сәуірге дейін жалғасатын екінші аптаға «Киелі мекен» аты беріледі. Бұл күндері тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
27 сәуірге дейінгі үшінші аптаға «Жасыл аймақ» тақырыбы қойылып, бұл апталықта ағаш көшеттері отырғызылады және ағаштар әктеледі.
«Өнегелі ұрпақ» деп аталған келесі апталық 4 мамырға дейін жалғасады. Айтылған күндері ардагерлер мен қарттардың аулалары тазаланып, оларды абаттандыруға көмек беріледі.
«Мөлдір бұлақ» аты берілген соңғы, бесінші аптада су айдындары – өзендер мен көлдердің айналасы қоқыстан тазартылады.
Акцияға еліміздің өңірлері қосылуда. Мысалы республикалық акция Алматы қаласында «Алматы – біздің ортақ үйіміз» жалпықалалық науқаны аясында өтеді.
Бүгіннен бастап, бір ай бойы біз «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанын бастаймыз және өткіземіз. Мақсат - біздің сүйікті қаламыз одан да жақсы және әдемі болуы үшін барлық ниеттес тұрғындарды біріктіру. Бұл тек тазалық пен тәртіпке ғана емес, сонымен бірге өзіміз бірге жасаған құндылықтарға ұқыпты қарауға да қатысты. Үлкен істер кішіден басталады. Менің тапсырмам бойынша барлық қалалық коммуналдық қызметтер, аудан әкімдіктері алдағы науқанға белсенді қатысады. Барлық іс-шаралар қала атынан қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген, – дейді науқанды бастаған Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
«Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны 7 күнге созылатын бірнеше кезеңнен тұрады.
Бірінші кезең – "Біздің қала — біздің көшелер" бағыты бойынша өтеді. Ол 14 сәуірге дейін жалғасады. Жоспарланған жұмыстар шеңберінде жолдарды орташа жөндеу, қираған учаскелерді қалпына келтіру, қажет болған жағдайда жиектерді ауыстыру, аялдама кешендерін тазалау, жерүсті мен жерасты өткелдерін жуу, төсемдерді қалпына келтіру және тағы басқалар көзделген.
Білім беру бағытына ерекше мән беріледі. Кең ауқымды акция аясында Экология туралы фильмнің тегін көрсетілімі, қоқыс сұрыптау кешеніне «Қоқысты дұрыс сұрыпта» туры, оқушылар арасында пікірталас, сондай-ақ қаланың экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған стартап-жобалар байқауы өтеді.
Көктемгі жаңартуға барша бей-жай қарамайтын қала тұрғындары қатыса алады. Олар өз аулалары мен іргелес аумақтарды ретке келтіреді. Сондықтан екінші кезең "Біздің қала – біздің аула, біздің үй" деп аталуы кездейсоқ емес.
Қала тұрғындары 20 сәуірде жоспарланған сенбілік-ағаш отырғызуға, қоршаулар мен орындықтарды бояуға белсенді қатысу арқылы өздерінің азаматтық жауапкершілігін көрсете алады.
Мегаполисте алғаш рет "Қоқысты бір стақан кофеге айырбастау" акциясы өтеді. Сондай-ақ, "Үздік аула", "Үздік аула сыпырушы" және "Коммуналдық қызметтің үздік қызметкері" байқауларын өткізу жоспарланған.
Науқанның келесі кезеңі – "Біздің қала – біздің таулар, өзендер мен көлдер" - жағалаулар мен су айдындарын, саябақтарды, скверлер мен тау бөктерін тазартуға бағытталған.
Жобаның қорытынды соңғы аккорды қалалық сенбіліктер, көшеттер мен гүлдер отырғызу, "Тазалық және денсаулық күні" марафоны, танымдық экскурсиялар, сондай-ақ субұрқақтар күнін қамтитын "Біздің қала — біздің мақтанышымыз" акциясы болады.
Қаланы ең таза әрі жайлы етуге деген ұмтылыс әр тұрғынның борышы. Бірлесе атқарған жұмыс әрдайым жеңіл. Бастамаға кәсіпкерлер, мәдениет пен спорт жұлдыздары, сондай-ақ қоғам қайраткерлері қолдау білдірді.