"Таза Қазақстан". Экологиялық акция Қызылордада жалғасып жатыр

Республика көлемінде өтіп жатқан "Таза Қазақстан" экологиялық акциясының үшінші аптасы "Жасыл аймақ" атауымен жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Осыған орай, бүгін туған өлкесін түлетуге атсалысып жүрген аймақтың 100-ге жуық белсенді жастары қаладағы Қорқыт ата ескерткіші маңында Сыр талын егіп, аталмыш акцияға қолдау білдірді. Сондай-ақ, белсенді жастар ескерткіш аумағын қоқыстардан тазартып, ондағы ағаш діңгектерін әктеп, сырлады.

Бұдан бөлек, жастар экоакцияны қызықты әрі ерекше өткізу мақсатында тұрғындарға тіл үйірер тәтті балмұздақтар таратып, ескерткіш аумағында «Бауырсақ party» шарасын ұйымдастырды. Қала тұрғындары жастардың мұндай белсенділігіне ризашылықтарын білдіріп, өз алғыстарын жеткізді.

Көппен бірге атқарылған жұмыс көңіл қуантады. Игі шара барысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студент жастары, волонтерлер және республикалық «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының облыстық филиалының мүшелері, Ассамблея жастары экологиялық акцияда белсенділік танытып, тазалық жұмыстарын жүргізді.

"Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясының үшінші аптасы «Жасыл аймақ» атауымен жалғасын тапты. Бұл экологиялық науқанның басты мақсаты – тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға шақырып, ел арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру болып табылады.

Осыған орай, бүгін Сыр медицинасының 80-ге жуық қызметкері облыстық медициналық орталығының алдындағы ағаштардың діңгегін әктеп, орталықтың аймағын түрлі күл-қоқыстардан тазартты. Бұдан бөлек, медицина саласының қызметкерлері аталған аумақта ағаш көшеттерін отырғызды.

Бұл акцияға Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігерінің міндетін атқарушы Г. Балтабайқызы пен Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты Ж. Нұрымбетов белсене қатысып, ақ халатты абзал жандармен бірге тазалық жұмыстарын жүргізді.

Айта кетейік, «Жасыл аймақ» экологиялық акциясы аясында қала және аудан, елдімекендерде орналасқан саябақтар, скверлер, аллеялардың аумағы абаттандырылып, күл-қоқыстардан тазартылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қызылорда облысы әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы