"Таза Қазақстан": астаналық оқушылар 7 мың қақпақтан ел картасын жасады
"Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында Астанадағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейдің оқушылары пластик бөтелке қақпақтарынан Қазақстанның бірегей экокартасын құрастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жобаға 0-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі барлық оқушылар, мұғалімдер мен ата-аналар атсалысқан. Барлығы шамамен 7 мың пластик қақпақ жиналып, олардан еліміздің өңірлерге бөлінген картасы жасалған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба барысында бірде-бір бөтелке арнайы сатып алынбаған – барлық қақпақ оқушылар тарапынан жиналып, жуылып, түстерге бөлінген.
Мектеп директоры Нұрила Қияқбайдың сөзінше, экокарта Тәуелсіздік күні қарсаңында жасалып, экологиялық ғана емес, тарихи мәнге де ие.
Бұл жобаға мектептің барлық сыныптары атсалысты. Пластик қақпақтардың барлығы арнайы сатып алынған жоқ, оқушылар өздері жинап, өңдеді. Экокарта экологиялық қана емес, тарихи мәнге де ие, – деді мектеп директоры Нұрила Қияқбай.
Картада Қазақстанның 17 облысы жеке түстермен белгіленіп, әр өңірге байланысты Алаш қайраткерлері туралы мәліметтер QR-код арқылы ұсынылған. QR-кодты сканерлеген кезде тұлғалардың еңбектері мен өмір жолы туралы ақпарат ашылады.
Жобаны әзірлеу кезінде оқушылар жасанды интеллект технологияларын да қолданған. Алаш қайраткерлерінің бейнелері Gemini мен Canva платформалары арқылы жасалып, DreamFace бағдарламасының көмегімен қозғалыс берілген. Ал дауыс синтезі арқылы тарихи тұлғалардың "сөйлейтін" бейнелері ұсынылған.
Айта кетейік, мектеп-лицейде экологияны қорғауға бағытталған бастамалар тұрақты түрде жүзеге асып келеді. Әр апта сайын "Таза бейсенбі" акциясы ұйымдастырылып, ал келесі жылдың басында оқушылардың қатысуымен экологиядағы жасанды интеллекттің рөліне арналған конференция өткізу жоспарланып отыр.