"Таза Қазақстан": Астанада Сарыбұлақ өзенінің аумағы тазартылды
"Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі" акциясы аясында Сарыарқа ауданында "«Астана жастары" еріктілерінің, "AMANAT" партиясы Астана қалалық филиалының белсенді тұрғындары мен партияларының қатысуымен ауқымды сенбілік өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Экоакция кезінде ұзындығы 2 км-ден асатын Сарыбұлақ өзенінің бойындағы Қарасай батыр көшесінен Н. Тілендиев даңғылына дейінгі аумақ тазартылды.
Экологиялық акциялар біздің қаламызда тазалық пен тәртіпті сақтауда маңызды рөл атқарады. Олар экологиялық жағдайды жақсартуға, қоршаған ортаның ластану деңгейін төмендетуге және табиғатқа жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға ықпал етеді. Мұндай іс-шараларға қатысу тұрғындардың басын қосады, оларда өз Отаны үшін ұжымдық жауапкершілік пен мақтаныш сезімін тәрбиелейді. «Таза Қазақстан» экоакциясы барлық азамат үшін таза және жайлы өмір сүру кеңістігін құруға бағытталған. Елорданың барлық тұрғынын осы акцияны қолдауға және үлес қосуға шақырамыз, – деді Сарыарқа ауданы әкімдігінің бас маманы Ерасыл Қайратов.
Сонымен қатар елордадағы ауқымды экоакцияны оқу орындарының, медициналық мекемелердің, құрылыс компанияларының өкілдері, шағын және орта бизнес қызметкерлері қолдап, іргелес аумақтарды қоқыстан тазартуға шықты. Іс-шараға барлығы 3000-ға жуық адам қатысты. Акция басталғаннан бері Сарыарқа ауданынан 1400 мың тонна қоқыс шығарылды, бұл полигонға 400 рейске тең.
Естеріңізге сала кетейік, ауқымды экоакция аясында қаланы санитарлық тазарту, нөсер және арық канализациясы, көшелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмысы жүргізілуде.
Сондай-ақ жасыл желектерді күтіп-ұстау және отырғызу, сауда объектілеріне іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарларды орнату, рұқсат етілмеген полигондарды жою жұмыстары жүргізілуде.