"Taza Qazaqstan": Алматыдан Қызылордаға дейінгі road-эстафета басталды
Алматы облысы Тарғап ауылында "Taza Qazaqstan" road-эстафетасы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бір аптаға жалғасатын акция Алматы, Шымкент қалалары мен бірнеше облысты қамтып, мың шақырымнан аса жолды жүріп өтеді. Оған "Жастар Рухы" белсенділері мен жергілікті тұрғындар қатысады. Мақсат – жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыру, табиғат пен тарихи мұраны қорғау.
"AMANAT" партиясының хатшысы Дәулет Кәрібек экологиялық қауіптің жаһандық деңгейде өзекті екенін айтып, оны шешу әр азаматтың міндеті екенін атап өтті. Президент Қ.Тоқаевтың "Таза Қазақстан – өмір салтымыз" деген сөздері акцияның басты ұстанымына айналған.
Эстафета барысында қоқыс жинаумен қатар, депутаттармен кездесулер, жастарға арналған open-air іс-шаралар, қоғамдық қабылдаулар және тарихи нысандарды абаттандыру жұмыстары өтеді. "Жастар Рухы" төрағасы Ақерке Искандерова вандализмге қарсы заңның осы бастамадан бастау алғанын еске салды.
Мәжіліс депутаты Никита Шаталовтың айтуынша, акция елде экологиялық патриотизм мен ауызбіршілікті нығайтады. Волонтерлер жол бойын, демалыс орындарын тазалап, қоқысты сұрыптап полигондарға жеткізеді. Өткен жылы белсенділер 1200 шақырым жолды жүріп өтіп, 100 тонна қоқыс жинаған.
"AMANAT" партиясы алдағы уақытта қоқыс өңдеу үлесін 36%-ға жеткізу, Жайық пен Балқаш экожүйесін қалпына келтіру, ауа сапасын жақсарту, жаңа су қоймаларын салу секілді жоспарларды іске асырады.