21 Қазан 2026, 20:29 Фото: видеодан алынған кадр

«Таза Қазақстан»: Алматыдағы Юннат көліне 5 мыңнан астам сазан шабағы жіберілді

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы аясында Алматы қаласының прокуратурасы «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-мен бірлесіп, Юннат көлін балықтандыру бойынша экологиялық акция өткізді.

Іс-шараға Алматы қаласының прокуроры Серік Кәріпбеков қатысып, табиғи ресурстарға ұқыпты қараудың және қоршаған ортаны қорғау мәселелерінде қоғам күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті.

Акция барысында көлге 5 мыңнан астам сазан шабағы жіберілді. Бұл су биоресурстарын қалпына келтіруге, биологиялық әртүрлілікті сақтауға және көлдің экологиялық тепе-теңдігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Аталған іс-шара экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, азаматтардың қоршаған орта жағдайына жауапкершілігін арттыруға және еліміздің табиғи мұрасын сақтауға бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын іске асыруға қосылған нақты үлес болды.

Алматы қаласының бірегей табиғи ортасын сақтау мен экологиялық әл-ауқатын қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі болғандықтан, осындай бастамалардың қала үшін ерекше мәні бар.

«Таза Қазақстан» – жай ғана экологиялық бастама емес, еліміздің тазалығы, әл-ауқаты мен болашағы үшін әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі.