"Таза Қазақстан": Алматыда қайықпен судағы жарыс ұйымдастырылды
Алматы қаласының Түрксіб ауданында Әуежай көлінде «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында Акваплоггинг өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Алдымен көл жағасында қоқыс жиналады. Тазарту жұмыстарынан кейін мұнда жыл сайынғы «Көктемгі старттар» балалар су-спорттық жарыстары басталды.
Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары Ермек Әміров жарыстың негізгі мақсаты аудандағы жасөспірімдер арасында су туризмін насихаттау және туристік әлеуетті ашу екенін айтады.
Түрксіб ауданының “Әуежай” жағажайында «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында үлкен іс-шара өтіп жатыр. 100-ге жуық адам алдымен көл аймағын тазалады. Жағажай мен судағы қоқыстарды алып болғаннан кейін судағы спорттық жарыс ұйымдастырылды. Жалпы жалпықалалық акция басталғаннан бері ауданымызда 20-дан астам үлкен іс-шара өтті, - деді Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары Ермек Әміров.
Тазалық жұмыстарынан кейін басталған судағы қайықпен жарысқа барлығы 8 команда қатысты. Командалар су бетінде жарыстың 2 түрі бойынша, жағажайда шатыр құру бойынша бақ сынады. Жарыс жеңімпаздары мен тазалық акциясына қатысқан азаматтарға естелік сыйлықтар берілді.
Осында жарыс болатынын естіп достарымызбен бірге келдік. Біздің топта жарысқа 4 адам қатысып жатырмыз. Бірінші 5-6 қап қоқыс жинадық. Одан кейін 2 адамнан қайықпен жүздік. Мен бірінші рет қайықпен есіп жарысып тұрмын. Жарыс өте қызық әрі қиын екен. Қайықты қасыңдағы адаммен игере алмасаң, ағыс бұрып алып кетеді, - деді АТУ 1 курс студенті Бақтыбай Сұлтанәлі.
Айта кеткен жөн, бүгін жарыста аға топ мүшелері (16-20 жас) бақ санып көрсе, ертең кіші топ (13-16 жас) қатысады.