"Таза Қазақстан": 3 тоннадан астам қоқыс жиналды

Алматы облысының орталығы – Қонаев қаласының жергілікті тұрғындары, жастар, белсенділер мен қоғамдық ұйым өкілдерінің қатысуымен "Таза жағажай" экологиялық акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Акцияның мақсаты – жағажай аймағын тазарту, су айдындарының ластануының алдын алу және қоршаған ортаны қорғауға қоғам назарын аудару.
Біздің мақсатымыз - табиғатты таза ұстау және болашақ ұрпаққа мұра ету. Экологияның тазалығы мен қоршаған ортаны күтіп ұстау – әрбір азаматтың негізгі борышына айналуы тиіс. Осы орайда, барша тұрғындар бірлесіп, осындай шараларға белсенді ат салысу қажеттілігін айтып өткен жөн, - деп мәлімдеді Шаһар ардагерлері ұйымының төрағасы Базарбай Оралбаев.

Акция барысында қатысушыларға қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығы туралы ақпарат беріліп, экологиялық тәрбие жұмыстары жүргізілді.
Жалпы, аталмыш шараға 200-ден астам адам ат салысып, жағажайды тұрмыстық қалдықтардан, пластик бөтелкелерден, қағаздардан және басқа да қоқыстардан тазалады. Нәтижесінде 3 тоннадан астам қоқыс жиналды.

Мұндай экологиялық шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.