Мұхтар Тайжан бейбіт шеруге қатысты жаңа заң жазуды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бейбіт шеру өткізу туралы заң жобасын талқылаған сарапшылар отырысында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Мұхтар Тайжан "Бізге митинг туралы мүлде басқа заң керек" деді. 

 Ол бейбіт шеруге қатысты жаңа заң жазуды ұсынды. 

Ұлттық кеңестің соңғы отырысында президент жаңа заңды жазу керек деп айтқан болатын. Рұқсат сұрау емес, ескерту жүйесіне көшу керектігін айтып, тапсырма берді. Алайда мен бұл заңды жазуға қатыспадым. Бірақ бір байқағаным, жаңа заңға халықтың көңілі толып тұрған жоқ. Оны мойындау керек. Бұл заңды жаңадан дайындауымыз керек. Алматыдағы кеңес мүшелерін, Жовтисті, Ерлан Қалиевті шақырып, жұмысшы топты құру қажет. Себебі қазіргі заң халықтың көңілінен шықпай отыр, - деді ол. 

Оның айтуынша, бұл заңның тұжырымдамасы басқа болуы керек. Бұл орайда, ол бұған дейін Қазақстанда болған митингтерге тоқталып, қазақстандықтардың мәдениеті жоғары, олар қоғамдық мүлікке зарар келтіруге жол бермейтінін тілге тиек етті.

Мына заңда қатысушылар саны, арнайы өткізетін жер көрсету керек депті. Менің ойымша мүлде жаңа заң жазу керек. Себебі митингке келген адам бұзақылық жасаймын деп келмейді. Қазақстанда болған митингтердің ешқайсысында бұзақылық жасалған жоқ. Мәселен, Жаңаөзенде мұнайшылар 7 ай бойына ереуілге шыққанда да бір шыны, не бір отырғыш сынған жоқ. Жер митингтерінде де солай болды. Бұзақылық жасайтын жандар мұндай ресми рұқсат алып отырмайды. Ал біздің бейбіт шеруге келетіндер сана-сезімі жоғары адамдар деп есептеймін. Мен бұл жаңа заңды ысырып қойып, басқа жұмыс тобын құрып, қайта жасауды ұсынамын. Бізге түбегейлі жаңа заң керек, - деп түсіндірді Мұхтар Тайжан.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы