Тайваньда электронды темекіні сақтағаны үшін айыппұл енгізіледі
Билік электронды темекінің интернет арқылы сатылуы мен жарнамалануына бақылауды да күшейтуді жоспарлап отыр.
Тайвань билігі электронды темекіге қатысты заңнаманы тағы да қатаңдатпақ. Жаңа түзетулерге сәйкес, вейп құрылғыларын сақтағаны үшін айыппұл салынып, өнім тәркіленуі мүмкін. Бұл туралы Taipei Times басылымы хабарлады.
Жаңа ережеге сай, электронды темекі сақтаған азаматтарға 2 мыңнан 10 мың Тайвань долларына дейін айыппұл қарастырылған. Сонымен қатар, құрылғылар тәркіленеді.
Билік электронды темекінің интернет арқылы сатылуы мен жарнамалануына бақылауды да күшейтуді жоспарлап отыр. Енді онлайн платформалар заңсыз өнімдердің таратылуына жол бермеуге және вейп жарнамасын бақылауға міндеттеледі.
Тайвань бірнеше жылдан бері темекіге қарсы саясатты күшейтіп келеді. 2023 жылы қабылданған түзетулер электронды темекі мен соған ұқсас өнімдерге толық тыйым салған болатын. Сондай-ақ қыздырылатын темекі өнімдеріне қатаң бақылау енгізілген.
Қолданыстағы заң талаптарын бұзғандарға 5 миллион Тайвань долларына дейін айыппұл қарастырылған.