Бүгiн 2026, 07:48 Фото: AP Photo/ Mark Schiefelbein, Pool

Тайвань маңындағы шиеленіс: Қытай теңіздегі бақылауды күшейтті

Қытай тарапы мұндай қадам елдің аумақтық егемендігі мен теңіздегі құқықтарына нұқсан келтіреді деп есептейді.

Қытай Тайвань аралының шығысындағы теңіз аймағында арнайы құқық қорғау операциясын өткізді. Бұл туралы Қытайдың Xinhua агенттігі хабарлады.

Агенттік мәліметінше, операция Жапония мен Филиппиннің Тайваньның шығысындағы теңіз шекарасын делимитациялау жөніндегі келіссөздерді бастау туралы мәлімдемесіне жауап ретінде ұйымдастырылған.

Қытай тарапы мұндай қадам елдің аумақтық егемендігі мен теңіздегі құқықтарына нұқсан келтіреді деп есептейді.

Арнайы операцияға Фуцзянь және Гуандун провинцияларының теңіз қауіпсіздігі басқармалары, Шығыс Қытай теңізі кеме қатынасы орталығы мен құтқару қызметтері қатысты.

Xinhua хабарлауынша, шараның негізгі мақсаты – Қытайдың теңіз әкімшілік құқықтарын жүзеге асыру, алыс теңіз аймақтарындағы бақылауды күшейту, кеме қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ұлттық мүдделерді қорғау.

Айта кетейік, мамыр айының соңында Жапония мен Филиппин Тайваньның шығысындағы ерекше экономикалық аймақ пен континенттік қайраңды делимитациялау бойынша келіссөздерді бастау туралы бірлескен мәлімдеме жасаған болатын.

Тайвань 1949 жылдан бері өзін-өзі басқаратын аумақ ретінде жұмыс істейді. Ал Қытай оны өз аумағының ажырамас бөлігі деп санайды.