Таймерденов: Полицияға шабуыл жасағандар - соғыс тактикасын жақсы білетін адамдар
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов бүлік кезінде қаладағы ПД-не 27 рет шабуыл жасалғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, қаладағы жаппай тәртіпсіздік кезінде полиция тарапынан шерушілерге қарата қару қолданылмаған.
Полиция қызметкерлері қару қолданбады. Өйткені оның арты көптеген адам шығынына әкелуі мүмкін еді. Осыған байланысты қару қолданбаған полиция кері шегінуге мәжбүр болды. Шабуылшылар әкімшілікті тонау, өртеу арқылы дүние-мүлкін бүлдіре бастады. Полиция қызметкерлері мен әскери оқу орны курсанттарын ұрып-соғып, мазақ қылып, арнайы құралдар мен киімдерін тартып алған,-деді ол.
Сонымен қөатар ол дәл осы уақытта қаланың әр жерінде содырлар полицияның жасақтарына оқ жаудырып, қаланы қиратуға кіріскенін жеткізді.
Қаңтардың 5-нен 6-на қараған түні содырлардың ПД-не, Алмалы, Жетісу, Әуезов және Бостандық аудандарындағы бөлімшелерін қарулы басып алуға әрекеттенді. Осыған байланысты ғимаратты қорғау және әскери қарудың ұрланбауын болдырмау мақсатында шабуыл жасағандарға оқ атылды. Мен өзім ПД-і ғимаратында болдым,-деді Таймерденов.
Содырлар ПД-нің ғимаратын басып алу үшін 27 рет шабуыл жасаған.
Қылмыскерлер техниканы, джиптер мен КАМазды қолданды. Олар соғыс тактикасын жақсы білетін, өдідер мен жаралыларды қалдырмай, өздерімен бірге алып кететін кәсіби дайындығы бар адамдар. Түнде олар осал жерлерді іздеді. Шабуыл таңертеңге дейін жалғасты. Лаңкестердің арасында снайперлер де болды,-деді ол.