Бүгiн 2026, 11:01 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Таяу Шығыстан қазақстандықтарды эвакуациялауға қанша қаржы жұмсалғаны айтылды

Көлік вице-министрі түсіндірді.

Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Сенаттың кулуарында берген сұхбатында Таяу Шығыс елдерінде қалған қазақстандық азаматтарды елге қайтару жұмыстарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, осы іске атсалысқан барлық тарапқа алғыс айту керек. 

Ең алдымен, осы мүмкіндікті пайдаланып, шын жүректен алғысымды білдіргім келеді – біздің авиакомпанияларға, қазақстандық және шетелдік авиакомпанияларға, әуежай қызметкерлеріне, жалпы біздің азаматтарды, жолаушыларды елге қайтаруға атсалысқан барлық адамдарға. Барлығы үйлесімді жұмыс істеді, көп адам эвакуацияланды, – деді комитет төрағасы.

Спикер сол кезеңде негізгі назар шығынды есептеуге емес, адамдарды мүмкіндігінше тез жеткізуге аударылғанын атап өтті. 

Сол кезде ешкім шығынды немесе бағасын ойлаған жоқ, авиакомпаниялар бәрін өте жедел атқарды, —  дейді Ластаев. 

Қазіргі таңда бұл жұмыстардың нақты құны әлі есептеліп жатыр. 

Қазір есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, әлі толық аяқталған жоқ. Аяқталғаннан кейін сіздерге қосымша ақпарат береміз деп ойлаймын, – деді ол.

Сонымен қатар оның сөзінше, бастапқыда шығынды есептеу мәселесі мүлде көтерілмеген. 

Біз ең алдымен азаматтарымызды мүмкіндігінше тез әрі шұғыл түрде елге жеткізуге көңіл бөлдік. Яғни шығын қанша болады деген мәселе көтерілген жоқ. Негізгі мақсат – адамдарды шығару болды, бәрі сол міндетті орындауға жұмылды, – деп түсіндірді ол.

Талғат Ластаевтың айтуынша, процесс негізінен аяқталғаннан кейін ғана тиісті есептеулер жүргізіле бастайды. 

Қазір процесс негізінен аяқталған соң, тиісті есептеулер жасалады. Менің ойымша, бұл туралы біз Сыртқы істер министрлігімен бірге сіздерді хабардар етеміз. Әзірге есептер жүргізіліп жатыр. Жаңа ғана аяқталды. Енді компаниялар нақты есептеп шығаруы керек. Меніңше, бұл сома кейін жарияланады, – деді ол.