Бүгiн 2026, 15:18 Фото: ©BAQ.KZ/Олжас Адай

Таяу Шығыстан 900-ден астам қазақстандық эвакуацияланды

Қазақстанның СІМ-і Таяу Шығыс елдерінен мыңға жуық қазақстандық эвакуацияланғанын хабарлады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстанның СІМ-і Таяу Шығыс елдерінен мыңға жуық қазақстандық эвакуацияланғанын хабарлады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өңірдегі жағдайдың ушығуына байланысты Қазақстан Таяу Шығыс елдерінен өз азаматтарын елге қайтару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қазіргі уақытқа дейін шиеленіс аймағынан 946 қазақстандық эвакуацияланды.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Таяу Шығыс елдерінде әлі де мыңдаған Қазақстан азаматы бар.

Атап айтқанда:

  • Иранда – 47 адам,
  • Израильде – 163,
  • Катарда – 3000-нан астам,
  • Біріккен Араб Әмірліктерінде – 4000-нан астам,
  • Сауд Арабиясында – шамамен 1800 Қазақстан азаматы бар.

Қазақстандық дипломаттар олармен тұрақты байланыста болып, өңірдегі жағдайдың дамуына байланысты тиісті ұсынымдар беріп отыр.

Балаларға, зейнеткерлерге және жүкті әйелдерге басымдық беріледі

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев брифинг барысында қазақстандық дипломаттар тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын айтты.

Біз отандастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бар күшімізді салып отырмыз және кез келген жағдайда қажетті қолдау көрсетеміз. Қазіргі уақытқа дейін Қазақстан азаматтарының арасында зардап шеккендер немесе қаза тапқандар туралы ақпарат түскен жоқ. Қазақстандық дипломаттар орталық аппаратта да, өңір елдеріндегі дипломатиялық өкілдіктерде де тәулік бойы жұмыс істеп жатыр, – деді Жетібаев.

Оның айтуынша, Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан азаматтарына көмек көрсету жұмыстарын үйлестіретін арнайы штаб құрылған.

Эвакуация процесін ұйымдастырудың күрделілігіне түсіністікпен қарауды және Қазақстанның шетелдегі мекемелері қызметкерлеріне барынша қолдау көрсетуді сұраймыз. Эвакуация тізімдерін қалыптастыру кезінде зейнеткерлерге, ата-анасымен бірге жүрген балаларға, жүкті әйелдерге, кәмелетке толмағандарға және денсаулығында шектеуі бар адамдарға басымдық беріледі, – деді ол.