Таяу Шығыстағы жағдайға қарамастан, әлемдік мұнай бағасы төмендеді
Сауда барысында Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 43 центке немесе 0,5 пайызға арзандап, 90,97 долларды құрады. Ал америкалық WTI мұнайы 47 центке немесе 0,6 пайызға төмендеп, 81,58 долларға сатылды.
25 қараша, сәрсенбі күні әлемдік мұнай бағасы бір күн бұрынғы 2 пайыздан астам өсімнен кейін қайта төмендеді. Таяу Шығыстан мұнай жеткізу үзіліп қалуы мүмкін деген қауіпке қарамастан, нарықта шикізат ұсынысының артуы мен мұнай қорының шамадан тыс көбею ықтималдығы басым болып отыр. Бұл туралы BAQ.KZ Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Сауда барысында Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 43 центке немесе 0,5 пайызға арзандап, 90,97 долларды құрады. Ал америкалық WTI мұнайы 47 центке немесе 0,6 пайызға төмендеп, 81,58 долларға сатылды. Бір күн бұрын екі марканың да бағасы 2 пайыздан астам өскен еді.
NLI зерттеу институтының аға экономисі Цуёси Уэноның айтуынша, Халықаралық энергетикалық агенттіктің (ХЭА) қараша айындағы есебінен кейін нарықта мұнай ұсынысының артық болуы мүмкін деген болжам күшейген. Бұл бағаның одан әрі өсуін тежеп отыр. Дегенмен Таяу Шығыстағы жағдай белгісіздік туғызуда.
Атап айтқанда, Ормуз бұғазы маңында кемелерге жасалған шабуылдар мен Сауд Арабиясы және Йемендегі хуситтер арасындағы соққылар алмасуы жағдайды ушықтырды. Ұлыбританияның UKMTO теңіз сауда операциялары орталығының мәліметінше, сейсенбі күні бұғаз арқылы шығыс бағытта өткен үш кемеге белгісіз снарядтар тигені хабарланған. Сонымен қатар Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы Ормуз бұғазы маңында «рұқсат етілмеген» бағытпен жүрген контейнер кемесіне шабуыл жасалғанын мәлімдеді.
Соған қарамастан, нарықтағы негізгі көрсеткіштер мұнай ұсынысының артуы мүмкін екенін аңғартады. ХЭА 13 қарашадағы есебінде әлемдік мұнай нарығы 2025 жылдың төртінші тоқсанында қайтадан ұсыныс тапшылығынан артық өндіріске ауысуы мүмкін екенін болжаған. Сондай-ақ Таяу Шығыс елдерінен мұнай экспорты әлемдік сұранысқа қарағанда жылдамырақ қалпына келеді деп күтілуде.
Мұнай бағасына әсер етіп отырған тағы бір фактор – Ливиядағы Шарара мұнай құбырының жұмысы қайта жандануы. Құбырдағы клапан заңсыз топтың әрекетінен жабылған болатын. Елдің Ұлттық мұнай корпорациясы басшысының айтуынша, мұнай Завия қаласындағы Akakus нысанының резервуарларына қайта құйыла бастаған.
Ал Ирак мұнай өндіру қуатының көлемін қайта қарауды көздеп отыр. Reuters дереккөздерінің мәліметінше, бұл мәселе келесі жылға арналған өндіріс квоталарын талқылау кезінде ОПЕК+ елдері арасындағы келіспеушілікті күшейтуі мүмкін.
Нарық қатысушыларының назары 29 қарашада өтетін ОПЕК+ елдері министрлерінің кездесуіне де ауып отыр. Жиында 2027 жылға арналған мұнай өндіру саясаты талқыланады.
Ресей мұнайы да әлемдік нарықтағы маңызды факторлардың бірі болып отыр. Танкерлер қозғалысы мен сала өкілдерінің деректеріне сәйкес, Қытай мен Үндістан биыл Ресейден мұнай импорттау көлемі бойынша рекорд жаңартуы мүмкін. Осылайша, Ресейден жеткізілетін шикізат Иранмен байланысты соғыс салдарынан туындаған жеткізілім тапшылығының бір бөлігін өтеп отыр.
АҚШ-тағы мұнай қоры туралы мәліметтер де жарияланды. Нарықтағы дереккөздердің хабарлауынша, 20 қарашада аяқталған аптада елдегі мұнай қоры 126 мың баррельге артқан. Ал Reuters сауалнамасына қатысқан сегіз сарапшы қор көлемі орта есеппен 1,5 миллион баррельге өседі деп болжаған еді.