Таяу Шығыстағы қақтығыс мұнай бағасын шарықтатты: Brent 100 долларға таяды
Бір күн бұрын Brent мұнайының бағасы 24 шілдеден бергі ең жоғары деңгейге жеткен.
Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі және мұнай жеткізілімі тоқтап қалуы мүмкін деген алаңдаушылық аясында мұнай бағасы өсіп жатыр.
Бұл туралы Reuters жазды.
Басылымның мәліметінше, Гринвич уақыты бойынша 00:00-де (Астана уақытымен 05:00) Brent маркалы мұнай фьючерстерінің бағасы 34 центке, яғни 0,35%-ға өсіп, барреліне 97,34 долларға жетті.
Ал америкалық West Texas Intermediate (WTI) мұнайының бағасы 1,15 долларға немесе 1,26%-ға қымбаттап, барреліне 92,63 долларды құрады.
Бір күн бұрын Brent мұнайының бағасы 24 шілдеден бергі ең жоғары деңгейге жеткен.
Сарапшылардың айтуынша, Таяу Шығыстағы қақтығыстың соңғы уақытта өршуі Парсы шығанағынан мұнай жеткізуге қойылған шектеулердің 2026 жылдың соңына дейін сақталуына әкелуі мүмкін.
Сондай-ақ сарапшылар мұнай жеткізу көлемінің соғысқа дейінгі деңгейге толық қалпына келуі 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңынан немесе екінші тоқсанының басынан ерте болмайды деп болжап отыр.
Айта кетейік, 7 қыркүйек таңертең Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 96,81 долларды құрап, бір тәулікте 0,53%-ға қымбаттаған.
Ал соңғы бір айда Urals мұнайының бағасы 12,89%-ға өскен. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда оның бағасы 45,83%-ға жоғарылаған. Бұл көрсеткіштер CFD (айырмаға арналған келісімшарт) бойынша жүргізілген сауда нәтижелеріне негізделген.