Таяу Шығыстағы 5 мың қазақстандық елге қалай оралатыны айтылды
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстарға байланысты өңірде қалған қазақстандықтарды елге қайтару шаралары туралы айтты.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстарға байланысты өңірде қалған қазақстандықтарды елге қайтару шаралары туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің дерегінше, қазіргі таңда аймақтағы әуе кеңістігі толықтай жабылған. Жалпы саны 10 мемлекет әуежай жұмысын тоқтатқан. Әуе соққылары кейбір әуежайларға да жасалған.
Қазір жіберіліп жатқан рейстер саны өте аз. Арнайы бағыттар белгіленді. Бірінші бағыт бойынша ұшақ Сауд Арабиясынан шығып, Мысыр арқылы Түркияға өтіп, әрі қарай Қазақстанға бағыт алады. Екінші бағыт – Сауд Арабиясынан шығып, Пәкістан арқылы елге жету. Қазіргі таңда екі бағыт қарастырылып отыр, – деді министр Үкіметтегі баспасөз мәслихатында.
Оның сөзінше, өңірде шамамен 5 мыңға жуық қазақстандық бар.
Алғашқы эвакуациялық рейс FlyDubai әуе компаниясы арқылы жүзеге асқан. Қазір де Air Astana және SCAT әуе компаниялары алты ұшақты дайын күйде ұстап отыр.
Бағыт ашылған сәтте бірден ұшамыз, – деді Нұрлан Сауранбаев.
Сонымен қатар Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақауов ертең Оманнан 467, Жидда қаласынан 343 Қазақстан азаматы елге қайтарылатынын мәлімдеді.
Бір мезетте барлық азаматты әкелу мүмкін емес. Ең алдымен әйелдер, балалар және қарт адамдар эвакуацияланады, – дейді ол.