Таулы Қарабақ дауына нүкте қалай қойылды?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Таулы Қарабақ үшін күрес Әзербайжан мен Армения арасында 27 қыркүйектен бастап, яғни 1 ай 14 күнге жалғасты. Күні кеше Армения, Әзербайжан және Ресей басшылары Таулы Қарабақтағы соғыстың аяқталғанын жариялады. Ереван Бакуге бірнеше ауданды, сондай-ақ мойындалмаған республиканың бір бөлігін беруге келісті. Қазір Ереванда осы шешімге қатысты наразылықтар мен тәртіпсіздіктер болып жатыр.

Бәтуа мен пәтуа

10 қарашаға қараған түні Армения, Әзербайжан және Ресей басшылары Таулы Қарабақтағы соғыстың аяқталғаны туралы хабарлады. Сонымен қатар, БАҚ-та тараптар қол қойған келісімнің 9 тармағының мәтіні жарияланды.

Келісімнің екінші және алтыншы тармағында Кельбаджар ауданы, Агдам ауданы, Газах ауданы, сондай-ақ Лачин ауданы Әзербайжанға сәйкесінше 15, 20 қарашаға және 2020 жылдың 1 желтоқсанына дейін қайтарылатыны хабарланған. Армения қарамағында Таулы Қарабақпен байланысты қамтамасыз ететін ені 5 километр Лачинск дәлізі ғана қалады. Сондай-ақ, бұл дәліз «Шуша  қаласына әсер етпейді» делінген.

Үшінші, төртінші және бесінші тармақтарда ресейлік бітімгерлердің жанасу сызығы бойында атыс қаруымен 1960 әскери қызметші, 90 бронетранспортер, 380 бірлік автомобиль және арнайы техника енгізу туралы уағдаластық бар.

Егер тараптар мерзім өткенге дейін 6 ай бұрын осы ережені қолдануды тоқтату ниеті туралы мәлімдемесе, бітімгершілік кезекті 5 жылдық кезеңге автоматты түрде ұзартылады. Бұдан басқа, атысты тоқтатуды бақылау жөніндегі бітімгершілік орталығы құрылады.

Келісімнің мәтіні мен Пашинянның сөздері Ереванда наразылық тудырды. Елорданың орталық алаңында Үкімет ғимаратының жанында бірнеше жүздеген наразылық білдірушілер жиналды, олар Таулы Қарабақтағы соғыс қимылдарын тоқтату туралы келісімге қол қоюға наразы болды.

Наразылық білдірушілер Пашинян мен елдің бұрынғы президенттері Роберт Кочарян мен Серж Саргсянға «ченк талу» (бермейміз) деп наразылықтарын танытты. Жергілікті уақыт бойынша сағат 2:30 шамасында бір топ азаматтар сынған терезелер мен сынған есіктер арқылы үкімет ғимаратына кіріп, мәжіліс залын қиратты. 

Ғимараттың ішінде Премьер-министр болмаған. Шамамен 3:30-да Никол Пашинян Facebook-те тікелей эфирге шықты. Ол Әзербайджанмен бейбітшілік келісіміне қол қоюдың барлық себебін түсіндірді.

Саясат пен сауда

Өзінің Facebook-тегі парақшасында саясаттанушы Ерлан Сайыров Таулы Қарабақ мәселесіне қатысты пікір білдірген.

Менің ойымша, Әзербайжан Таулы Қарабақтағы армяндарға кең мәдени автономия жолымен жүруі керек. Әзербайжан армяндарына Әзербайжан мемлекетінің құрамындағы өмір көптеген әлеуметтік, экономикалық пайда әкелетінін түсінетін кез келді. Муниципалитеттің деңгейінде армяндардың кең өкілеттіктері болуы керек. Әзербайжан - дамыған көпұлтты мемлекет, онда көптеген халық тұрады, барлығы бейбіт және бақытты өмір сүріп жатыр, - дейді Сайыров.

Саясаттанушының айтуынша, бірге өмір сүрудің формуласы бірдей - бұл ортақ аумақ және ортақ тарих.

Мысалы, Израильде 2 миллионнан астам Араб, Израиль азаматы тұрады. Олардың азаматтық құқықтары бар, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысады, елдің Кнессетінде өкілдігі бар, Израильдің көптеген партиялары арабтармен бірге ел парламентіне кіру үшін одақ іздейді. Яғни арабтар өз құқықтары үшін заңды түрде күреседі. Сол сияқты армяндар бір мемлекет аясында бірге өмір сүрудің бейбіт принциптеріне көшуі керек. Қарабақты бірлескен даму көзіне айналдыру керек. Қарабақ армяндарының азаматтық құқықтары қатаң қорғалуы керек, - дейді ол.

Ерлан Сайыров бауырлас Әзербайжан халқына өз жерінде бейбітшілік, армяндарға ақыл мен даналық тілейтінін айтты.

Олар Қазақстанда бейбіт өмір сүре алады ғой. Мәселен, Қазақстан Парламентінің Мәжілісінде әзербайжандық М. Магеррамов пен армян Н. Микаелян да өкілдік етеді. Олар Қазақстанның игілігі үшін бір шаңырақ астында бейбіт және жемісті жұмыс істеп жатыр. Соғыс қимылдары кезінде құрбан болғандар үшін барлық тараптарға көңіл айтамын. Осы халықтар атынан шешім қабылдайтын бүкіл әлемдегі халықтар мен саясаткерлерге ақыл мен даналық тілеймін, - деді  ол.

Сайыров Таулы Қарабақтағы соғыс Қазақстанға көршімен тату-тәтті болу керегін, көршімен ең тығыз қатынас орната білу басты мәселе екенін көрсететінін айтты.

«Көрші хақысы - Алла ақысы» деген осы. Бүгінгі күні әрбір мемлекет өзінің қауіпсіздігі үшін өзі ғана жауап бере алады. Халықаралық келісімдер мен меморандумдар декларацияға айналып барады. Майданның табиғаты түп-тамырымен өзгерген. Дрондар мен басқарылатын ұшқыш аппараттар соғыстың әдісі мен тәсілін өзгертіп жіберді. Ақпараттық майдан, халықаралық қауымдастық, басқа елдердің халқының көңілін аулау өте маңызды, - деді ол.

Саясаттанушы моральдық-психологиялық майдан мен жалпы дүниежүзі қауымдастығына өзіңнің «шындығыңды» жеткізу жеңістің жаңа аспектісі екенін айтады.

Оның айтуынша, елдің тұтастығы мен мызғымастығы бірінші рөлге шығып жатыр. 

Елдің ішіндегі саяси процестің басты құндылығы мемлекеттің мызғымастығын қамтамассыз ету. Көршілермен сауда-экономикалық, туыс елдермен гуманитарлық қарым-қатынастарды дамыта беру күн тәртібінде. Мемлекеттің ішінде барлық этностардың құқын сақтай отырып, Қазақстанның заңдарының барша халықтың сақтауын қамтамасыз ету мемлекеттің қауіпсіздігінің ең басты аспектісі. Елімізде Қазақстанның заңдарының диктатурасы орнауы керек. Еліміздің демографиялық дамуын алдыңғы қатарға қоя отырып, мемлекеттің аймақтық халықтың дамытуын тездету кезек күттірмейтін проблема, - деді ол. 

Ал сарапшы Асхат Қасенғалидің пікірінше, Әзербайжанның жеңісі – түркінің жеңісі.

Ең жақсысы Әзербайжан Нахичеваньға баратын дәлізді алады дейді. Картада жасыл сызық болып тұр. Керемет жаңалық, осыны армандайтын едім. Болашақта бұйырса біз Каспий арқылы Әзербайжан портына тоқтап, ары Қарабақ арқылы Нахичеваньға арналған дәлізбен Түркияға өтіп кетсек болады, сауда жолын айтамын. Тіпті Жерортаға дейін, - деді ол.
Мереке мен митинг

Қазір Ереван халқы наразылық танытып митингіге шығып жатса, Баку тұрғындары жеңісті тойлап жатыр.


Баку тұрғыны Азад Абыев Бакуде әрбір жер учаскесі қайтарылған соң мереке болатынын айтты.

Қазір Бакуде жағдай тұрақты. Біз әскеріміздің күш-жігеріне сенген едік. Әрине, әрбір жер учаскесі бізге қайтарылғанын естігенде мерекелейтін едік. Біздің президентіміздің бұйрығы бойынша әскеріміз жерлерді қайтарды, - деді Абыев.

Баку тұрғынының айтуынша, халықтың ұлтарақтай болсын жері  қайтарылғаннан соң мерекелеу рәсімін жергілікті телеарналар жаппай көрсетеді.

Қарабақ – біздің байлығымыз. Ол біздің мақтанышымыз әрі абыройымыз. Әрбір әзербайжандық өзінің жерін қорғауға әзір еді. Оның ішінде Қарабақ та бар. Қазір халық мемлекет жүргізіп отырған саясатты толық қолдайды. Себебі оның саясатының нәтижесінде еліміз халықаралық қарым-қатынас жүйесінде ерекше маңызға ие болып отыр. Біздің елдің экономикасы Кавказ бойынша ең мықты және әскері де қуатты болып есептеледі, - деді ол.
Азад Абыевтың айтуынша, Әзербайжан аймақта маңызды рөлге ие. Таулы Қарабақ азат етілген соң ол одан әрі күшейе түспек.
Біз өзімізге тиесілі жердің барлығын қайтарып алатынымыз сөзсіз еді. Армяндардан қайтарып алған жерлерді дамыту бойынша ауқымды іс күтіп тұрғаны анық, - деді ол.
Ереван тұрғынынан пікір алайын деп едік. Алайда ол қазіргі жағдайдың өте қиын екенін және ол туралы ешқандай пікір айтқысы келмейтінін жеткізді.

Айта кетейік, Таулы Қарабақ үшін соғыс әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, кіші ақпараттық соғыс алаңына айналғандай болды. Мәселен, Instagram желісінде #KarabakhisAzerbaijan хештегімен 63 мыңнан астам жарияланым болса, #KarabakhisArmenia хештегімен 7,5 мың пост салыныпты.

Таулы Қарабақ ресми түрде Әзербайжан аумағы болып саналады, бірақ бұл аймақта этникалық армяндар тұрады. Таулы Қарабақтағы армяндарды Ереван қолдап отыр. Әзербайжан мен Армения арасында Таулы Қарабақ үшін дау 1988 жылы басталған. Таулы Қарабақ аймағы 1991 жылы тәуелсіздік жариялайды. Бірақ оларды Армениядан басқа ешбір ел мойындамады. Осыған дейін аймақ үшін соғыс 2016 жылы болған еді. 2020 жылдың 27 қыркүйегінде сағат 06:00 шамасында Армения қарулы күштері Әзербайжан әскері мен шиеленіс болған жерге жақын орналасқан елді мекендерге ірі калибрлі мылтықтан, минометтерден және әртүрлі калибрдегі артиллериялық құрылғылардан оқ жаудырды


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы