Таулы Қарабақта жағдай шиеленісе түсті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенбі күні таңертең Армения Қорғаныс министрлігі Таулы Қарабақтың солтүстігі мен оңтүстігінде болған қиян-кескі шайқастар туралы мәлімдеді. Армян тарапының ақпараты бойынша, Әзірбайжан армиясы ұрысқа жаңа күштер енгізген, деп жазды ru.euronews.com.
Бұған дейін Ресей, Франция және АҚШ өкілдері кіретін ЕҚЫҰ-ның Минск тобының тең төрағалары қақтығыс тараптарына қаза тапқандардың денелерін шығару үшін гуманитарлық бітім жариялауды ұсынды.
Осы орайда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Арменияға қарсы соғыс қимылдары кезінде Әзірбайжан елін қолдайтынын мәлімдеді.
Бауырлас Әзірбайжан мемлекеті біздің жерлерімізді қорғау және Таулы Қарабақты оккупациядан босату үшін ауқымды шабуылға көшті. Әзірбайжан армиясы біртіндеп алға басып келеді және бірқатар аумақты босатты. Біз барлық мүмкіндіктерімізбен және шын көңілмен Әзірбайжан елін қолдайтын боламыз, - деді түрік президенті.
Әзірбайжан әскери күштері артиллериялық және әуе соққыларымен «жаудың әскери күші мен техникасының едәуір бөлігі» жойылғанын мәлімдейді. Қарабақтың жараланған тұрғындарына медициналық көмекті Армениядан келген дәрігерлер көрсетеді.
Жұма күні танылмаған Таулы Қарабақ республикасының астанасы Степанакертке төрт зымыран атылды. Зымыран шабуылы нәтижесінде ТЖМ құтқару қызметінің ғимараты зақымданды, бір адам қаза тапты, тағы 11 адам жарақат алды.