Тәуелсіздік жылдары жарты миллион адам жол апатынан зардап шеккен - депутат

Астана, baq.kz тілшісі. Мәжіліс депутаты Павел Казанцев елімізде жол апаты санының артқанын айтып, ішкі істер министріне сауал жолдады.

«Депутаттық сауалға елімізде адам өлімі мен жарақатына әкелген жол-көлік оқиғаларының жиілеуі себеп болып отыр. Мәселен, 2018 жылғы 29 желтоқсанда Алматы қаласында ірі жол апаты салдарынан үш адам қаза тапты. Олардың қатарында актриса Шолпан Елгезекова бар. Тағы бір жолаушы, актриса Айзада Сатыбалдиева ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілді», - деді Казанцев.

Мәжілісменнің айтуынша, 2018 жылы жол апатынан 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 20 мың 445 астам адам жарақаттанған. 

«Адамдар бейбіт уақытта соғыс кезіндегідей көз жұмып жатыр. Ашық деректерге сай, бұл Қазақстанның Ауғанстандағы 10 жыл әскери іс-қимылдар кезінде айырылған адамдары санынан әлдақайда көп. Барлық зардап шеккендердің 70%-ға жуығы - еңбекке жарамды жастағы азаматтар. Жол апатынан зардап шекендердің көбі мүгедек болып қалады. Мемлекетке миллиардтаған теңге зардап келеді. Ал адамдардың көретін азабын айтсаңыздаршы», - деді Павел Казанцев.

Депутат тәуелсіздік жылдарындағы мәліметтерді де келтірді. Оның айтуынша, 2018 жылы жол апатының саны 1991 жылмен салыстырғанда  15%-ға ғана азайған. Тәуелсіздіктің 28 жылында 82 мыңға жуық адам қаза тауып, жарты миллион адам зардап шеккен. 

«Жол апатының көбі автокөліктердің ақауы немесе жол инфрақұрылымының нашарлығынан болып жатқан жоқ. Олар жол қозғалысы қатысушылары мен жүргізушілердің кінәсінен орын алып отыр. Барлық жол апаттарының 95%-ы осылай болып жатыр», - деді Казанцев.

Мәжіліс депутаты өз сауалында ішкі істер министрлігінен қоғам мен тәуелсіз сарапшылар қауымдастығын тарта отырып, тиісті шаралар қабылдауды сұрады. Бұған қоса, көлік жүргізушілерін оқытатын ұйымдарға талаптарды күшейтуді, жолаушылар тасымалдауды ұйымдастыру жұмысын қайта қарауды да сөз етті.
Қымбат Елтайқызы
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы