Тәуелсіздіктің жаңа белесінде тарихшылар үшін бағыт-бағдар айқындалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Теуелсіздік бәрінен қымбат» атты «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген мақаласында егемендік дәуірдің 30 жылдық межесін басып жатқан қоғамымыздың тарихи жолына баға беріп, алдағы онжылдықтың мақсаты ретінде «қуатты елдің иесі және кемел халық болу» деп айқындады.

Бұл туралы Тарих ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті Қайрат Батталов айтты.

Президентіміз азаттық дәуірінде өмір сүріп жатқан жас ұрпақ үшін Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы оның қадірін білуінің қажеттілігіне назар аударады. Әрине, кеңестік тәрбие көріп, ұлттық сана-сезімі шайылып кеткен кейбір аға буын өкілі үшін Кеңес Одағының құлауы кездейсоқ немесе апаттық құбылыс ретінде көрінуі мүмкін. Алайда Тәуелсіздік қазақ халқы үшін аспаннан салбырап түскен дүние емес екені, азат ел болу жолында қанша бабамыздың қаны мен тері төгілгені жас ұрпақтың санасына тоқылып жатыр. Бұл бүгінде қала мен ауылда қызмет етіп жатқан бүкіл гуманитарлық бағыттағы ұстаздардың атқарып отырған зор еңбегінің нәтижесі деп білеміз, - деді ол.
Ол Тоқаевтың тарихшылар қауымы алдында тұрған мақсат-міндеттері жайлы айтқанын мысалға келтірді.
Президентіміз тарихшылар қауымы алдында тұрған мақсат-міндеттері жайлы: «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді» - деген болатын. Президентіміз бұл - ұлт шежіресін дәріптеу тұрғысынан алғанда стратегиялық маңызы бар мәселе деп белгіледі. Аюдың азуын көрсетіп, өткенді көксейтін көршің болса, оның ықпалы мен қаһарына қарсы тұрар, санасы бөгде идеялармен уланбаған жастарды мемлекеттік идея аясында тәрбиелеудің қажеттілігі өсіп отыр, - деді Тарих ғылымдарының кандидаты.

Оның айтуынша, Президентіміз бүгінгі тарихшылар қауымы үшін бел буып, тарих пен тарихнаманы түбегейлі, объективті қайта саралап шығу міндетін айқындады. 

Тарих ғылымында біз әлі де болсын кеңестік сана шеңберінен шыға алмай отырмыз. Тарихты дәуірлеудің өзінде марксисттік кезеңдеуді қолданып келеміз. Ресей отаршылдығы мен кеңестік кезеңдерге қатысты метрополияның дискурсын – түсінік аппаратын, тілін, бағаларын, пайымдауларын пайдаланамыз. Тарих ғылымында кезінде отарланған халықтың өз сөзімен, ұлттық көзқарас призмасы арқылы жазылған тарих қажет болып отыр. Кезінде араб елдері үшін Эдвард Саид, Үндістан тарихнамасы үшін Парта Чаттерджи секілді отаршылдық дискурсты толықтай қайта қарап шығатын ғалымдардың зерттеулері қазақ тарихы үшін қажеттілігі анық. Бұл идея ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық тарих еңбегін әзірлеу барысында ескеріледі деген үміттеміз, - деп түйіндеді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы