Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Нұр-Сұлтан қаласының басты жетістіктері

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Тәуелсіз Қазақстан: жасампаздыққа толы жылдар. Нұр-Сұлтан қаласының басты жетістіктері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.


 

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Ораловтың төрағалығымен өткен дөңгелек үстелге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы Дихан Қамзабекұлы, филология  ғылымдарының докторы Серік Негимов және өзге де зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, ғалымдар, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдар, жастар қатысты.

Жиынды жүргізген Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов сөз басында ел астанасын Сарыарқа төріне көшіру Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен стратегиялық шешімі екенін айрықша атап өтті.

Қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылындағы өткен әрбір он жылдық атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр. Алғашқы он жылдық егемен Қазақстанның өз дербестігін қалыптастыру кезеңі болды. Екінші он жылдықта еліміз тұғырын нықтап, керегесін кеңейтіп, іргесін бекітті. Үшінші он жылдықта мемлекетіміз шын мәнінде кемеліне келіп, әлемдік саясаттың төріне озды. Оның әрқайсысында, әрбір жетістігімізде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолтаңбасы жатыр. Өз кезегінде Мемлекет басшысы аталған Жолдауда «Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы» деп ерекше атап көрсетті, - деді әкім орынбасары.
 



Нұр-Сұлтан – саяси оқиғалардың ғана емес білім-ғылым мен мәдениеттің ордасына айналып отыр. Бүгінге дейін көз ілеспес жылдамдықпен дамып, еліміздің еңселі елордасына айналды.
 

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аяқталып, жаңа 30 жылға қадам басқалы отырмыз. Елбасымыз да, Президентіміз де өз Жолдауларында алдымен ел бірлігін, тыныштығын, әлеуметтік жағдайын, елордамыздың дамуын бірінші кезекте қозғайды. Тұңғыш Президентіміз Елтаңбамызды қабылдар тұста еліміздің, елордамыздың дамитын өз жолы бар екенін айтып өткен. Осы 30 жылда шынымен өз жолымызбен дамып, дүниежүзіне танымал болып келеміз, – деді Жандарбек Мәлібек.
 

Тәуелсіздіктің 30 жыл ішінде Қазақстан көптеген қиындықтарды, сындарлы сәттерді еңсеріп, әлемге танылған мерейлі мемлекетке айналды. Ал Нұр-Сұлтан қаласы әлемге танылған мемлекеттің символына айналып отыр.

Елбасы ел астанасын Ақмола жеріне көшіргендегі айтқан ойы да, идеясы да батыс пен шығыстың ортасында берекелі ел пайда болуы керек дегенге негізделген. Ол берекелі ел – жаңғырған Қазақстан деген еді Елбасы. Бұл елімізге білім-ғылымның келуіне, жаңа көзқарастағы білімді жастарымыздың өсіп-өнуіне әсер етті. Нұр-Сұлтан қаласында өткен халықаралық шаралардың бәрі осы идеяның, ұстанымның арқасында болып жатыр, – деді Дихан Қамзабекұлы. 

Ғалым сөзін жалғай отырып, рухани жаңғыру аясында атқарылған шаруалардың, олардың бас қаланың дамуы жолындағы артықшылықтарына кеңінен тоқталып өтті.

Тәуелсіздіктің 30 жылдағы жасампаз егемендіктің басты символы туралы ойласақ еліміздің бас қаласы – Нұр-Сұлтан қаласы ойымызға оралады. Ол заңды да. Себебі халықаралық сарапшылардың өзі сонау егемендіктің алғашқы жылдары өркениетті өзгерудің жаңа сындары, қауіп-қатерлері тұрғанда, жаңа мемлекет құрылып жатқан кезде Елбасының бастауымен елордамыздың Алматыдан Арқа төріне қоныс аударуын үлкен модернизациялық жоба ретінде бағалайды. Өткен ғасырдың соңы мен осы ғасырға қарасақ жаңа астана салып, үлкен экономикалық, геосаяси өзгеріс жасаған мемелекеттер жоқтың қасы. Жаңа мемлекет, жаңа жүйе құру кезінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 32 критерийге жауап беретін жаңа астананы құру туралы ұсыныс білдірді. Міне 30 жылдан кейін сол өзгерістің жеңісті, жемісті болғанын көріп отырмыз, – деді «Хабар» Агенттігі» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев. 

Бүгінге дейін үлкен жетістіктерге жеттік. Елордамыз әлемге танылды. Қазір қайда барсақ та елордамызбен мақтанамыз. Нұр-Сұлтан – білім, бейбіт, инновация ордасына айналып отыр. Оның бәрі бірлігіміздің арқасы деп сеніммен айта аламын. Бірлігіміздің негізі – Елбасымыздың жүзеге асырған саясаты. Осы саясаттың нәтижесінде қаншама ұлт, ұлыс бірлесіп, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Тұңғыш Президентімізге қашанда алғысымыз шексіз, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы өзбек мәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатов. 

Жиын соңында қатысушылар елорданың бүгінгі таңдағы дамуын талқылап, еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы көптеген жетістіктері Нұр-Сұлтан қаласымен байланысты екенін атап өтті.

Айта кетейік, алқалы жиын санитарлық талаптарды толықтай сақтай отырып өтті.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы