#Тәуелсіздік30: Тәуелсіздік белесіндегі Көкшетау

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетау қаласының тарихи музейі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік белесіндегі Көкшетау» жобасын қолға алды. Бұл туралы музейдің ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Күнсұлу Нұрғалиева айтып берді.

Осы жылдар ішінде шаһардың тыныс-тіршілігінде де елеулі өзгерістер мен тарихи оқиғалар болды.

Ата-бабаларымыздың асыл арманы – тәуелсіздікке қол жеткізу қаншалықты қиын болса, сол аңсаған күн туғаннан кейін барлығы бірден жақсы болмағаны аян. 1997 жылы Президент Жарлығымен Көкшетау облысы таратылып, облыс территориясы Солтүстік Қазақстан облысының құрамына өтті. Көкшетау қаласы облыс орталығы мәртебесінен айырылды, өңір үшін осы жылдар ерекше ауыр болды. Экономикалық қиындықтарға байланысты бірқатар кәсіпорын өндірісін тоқтатуға мәжбүр болды. 1999 жылы ҚР Президенті Жарлығымен Ақмола облысының әкімшілік орталығы Астана қаласынан Көкшетау қаласына көшірілді. Міне, осы уақыттан бастап қала дамуында біртіндеп алға жылжулар басталды. Оң өзгерістер баяу болса да, тұрақты түрде облыс орталығы өмірінің барлық салаларында көрініс таба бастады. ХХІ ғасырға Көкшетау жаңа күшпен және тың бастамалармен аяқ басты, - дейді музейдің ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Күнсұлу Нұрғалиева.   

Оның айтуынша, музейдің егемен еліміздің өскелең жас ұрпақтарына Тәуелсіздік тарихын, қадір-қасиетін тереңірек түсіндіру, жастарымызды рухтандырып, бойларында шынайы патриоттық қасиеттерді қалыптастыру бағытындағы жұмыстары өз жалғасын табуда.

Жаңа жоба аясында туған қаламыздың ел тәуелсіздігінің қалыптасып, нығаю кезеңіндегі тарихын сақтауға бағытталған «Музейге жәдігер сыйла» акциясы жарияланды. Акция барысында музей қоры еліміздің 1990-2000 жылдардағы тарихынан мағлұмат беретін заттармен толықтырылмақшы. Осы орайда музейге құжаттар, фотосуреттер, баспа өнімдерін, тұрмыс және интерьер заттарын, киім, аксессуарлар, алғашқы гаджеттер және басқа да заттарды сыйға тартуға болады. Музей жәдігеріне айналған әрбір затқа «жаңа өмір» сыйланып, өткен тарихымыздың куәгері ретінде экспозицияда және түрлі музейлік көрмелерде көпшілік назарына ұсынылатын болады, - дейді Күнсұлу Нұрғалиева.

Музей қызметкерінің мәліметінше, әлеуметтік желілерде жыл бойы «Тәуелсіздік белесіндегі Көкшетау», «Тәуелсіздік жылдарындағы Көкшетау: кәсіпорын тарихы» онлайн-айдарлары арқылы жүйелі түрде туған қаламыздың соңғы 30 жылдағы дамуының негізгі кезеңдері, қаламыздың өркендеп дамуына үлес қосып келе жатқан танымал тұлғалар және кәсіпорындар тарихы туралы мағлұматтар ұсынылатын болады. Сонымен қатар жоба аясында түрлі форматтағы көпшілік-танымдық іс-шаралар жүзеге асырылмақ.

Тәуелсіздік жылдары Көкшетауда жаңа өндіріс орындары ашылды, дағдарыс кезінде жабылып, өндірістерін тоқтатуға мәжбүр болған кәсіпорындар қайта жандана бастады. Ақмола облысына жұмыс сапарымен келіп, «Васильков тау-кен байыту» комбинатын іске қосу салтанатты рәсіміне қатысқан Елбасы Н.Назарбаевтың ұсынысымен Васильков тау-кен байыту комбинатының атауы «Алтынтау» деп өзгертілді. Әлеуметтік және мәдени нысандар: «Науан Хазірет» атындағы жаңа мешіт, Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, барлық ұлттар мен ұлыстардың басын қосқан «Достық» үйі ашылды. Н.Назарбаевтың қатысуымен «Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалының офисі салтанатты түрде ашылды. Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театры өз көрермендеріне тұңғыш рет «Ақан сері-Ақтоқты» спектаклін ұсынды. «Сарыарқа», «Жансая» сияқты басқа да бірқатар жаңа, элиталы шағын аудандарда қазіргі заманға сай тұрғын үй кешендері қарқынды түрде бой көтерді. Тәуелсіздік жылдары ашылған тарихи ескерткіштер мен сәулеті жарасқан зәулім ғимараттар қала келбетінің шырайын аша түсуде.  Бірқатар нысанның ашылуына Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев арнайы келіп қатысты, - дейді Күнсұлу Нұрғалиева.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы