#Тәуелсіздік30. Ортағасырлық жазба деректердегі Қазақ мемлекеті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығыда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Ортағасырлық жазба деректердегі Қазақ мемлекеті» атты көрме ашылды.
 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Кезінде «Мәдени мұра» бағдарламасы ұлт шежіресін түгендеуге жол ашты. Отандық тарих ғылымы тың серпінмен дамып, түрлі бағыттар бойынша көптеген зерттеу жүргізілді. Бұрын бәймәлім болған қаншама тарихи деректер, археологиялық қазыналар табылды. Тарихымыз сан мың жылдан тамыр тартатынын айғақтайтын жаңалықтар ашылды. Елбасының осындай іргелі бастамалары халқымыздың тарихи санасын жаңғыртуға зор үлес қосты. Бағдарлама аясындағы еңбектер том-том болып жарыққа шықты» - деген болатын. Осы ретте, мемлекет тарихын, ұлт тарихын зерттеуде және оның ғылыми айналымға түсуіне жазба деректердің алатын орны маңызды. Жазба деректер – әр елдің, ұлттың, жердің тарихынан, мәдениеті мен рухани өмірінен мол мәлімет беретін құнды мұра, рухани байлық екендігін жас ұрпақтың санасына сіңіре беруіміз керек, – деді Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш. 


 

Көрмеге Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қорында жинақталған Қазақстан тарихына қатысты сирек кітаптар, хандардың хаттары, карталар қойылды. 


 

Атап айтсақ, алты тарихи еңбек (парсы тілінде), төрт карта және оншақты тарихи құжаттардың көшірмесі қамтылды.


 

Қазір тарихи жәдігерлеріміздің көбі шетелдердегі түрлі музейлерде, архивтерде жатыр. Оны қайтару, елге әкелу мәселесі соңғы екі жылдағы пандемияға байланысты кешеуілдеп қалған болатын. Қазіргі уақытта осы мәселе қайта қолға алынып, тиісті орындармен келісім жасалып жатыр. Алла бұйырса, алдағы уақытта тарихи құжаттарымыз елімізге оралып, руханиятымыздың ортасын толтырады деп сенеміз – деді Қуат Бораш. 


 

Сонымен қатар, тұсаукесер рәсімінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садықов бұл көрменің тарихи маңызына тоқталса, ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Есімсейітқызы тарихи құнды мұраларды жинақтау, сақтау және оны ғылыми айналымға енгізу жұмыстарының ерекшеліктерін айтты.


 

 

Аталған көрме желтоқсан айының соңына дейін жалғасады.


 


 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы