#Тәуелсіздік30. Оқушылар гимназиадасы аяқталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» ұйымдастырған Х қысқы Қазақстан оқушылар гимназиадасы мәресіне жетті.

1 жылдан астам үзілістен кейін алғаш өткізілген спорттық іс-шара оқушылар үшін ғана емес, қоғамдық маңызға ие. Себебі Мемлекет басшысы балалар спортын бұқаралық сипатта дамыту бойынша ел Үкіметіне жауапты міндет жүктеген болатын. Бұл ретте, қиындығы көп қысқы спорт түрлерімен айналысатын Гимназиада қатысушыларының қажырлы еңбегі, үздіксіз дайындығы, маңдай тері өзге жастарға үлгі. Гимназиада қатысушыларының таудай талабын қолдап, спорттық қызығушылығын құрметтеп  Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов пен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов құттықтау жолдағанын ерекше атап өткен жөн.

Сонымен қатар, Гимназиада аясында балаларға идеал образ, үлгілі тұлға көрсетуді де назардан тыс қалдырмадық. Мәселен, спорттық жетістіктері осынау мектеп оқушыларының спартакиадасынан бастау алған Серік Сәпиев, Бақтияр Артаев, Илья Ильин сынды чемпиондар мен спорт ардагерлері, бірқатар әлем чемпионаттарының жүлдегер, жеңімпаздары жас спортшыларға қолдау көрсетуге келгені де оқушылар үшін ұмытылмас сәттерге айналды.

Нұр-Сұлтан және Петропавл қалаларында 8 спорт түрінен өткен Х қысқы Қазақстан оқушылар гимназиадасына 13 өңірден 900-дей оқушы қатысып бақтарын сынады, бүгін міне дүбірлі доданың салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Карамбаев, Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Бұқаралық және олимпиадалық емес спорт түрлерін дамыту басқармасының басшысы Серікжан Омарханов, Төрт дүркін әлем чемпионы, Азия ойындарының чемпионы, әлемнің төрт дүркін ең үздік ауыр атлеті Илья Ильин,  Шорт-тректен Қазақстан құрамасының бас бапкері Мадығали Қарсыбеков, КИННЕС Қазақстан рекордтар кітабының рекордшысы Александр Бортников, Гимназиаданы ақпараттандыру бойынша демеушісі Қанат Исабеков, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры Тастанбек Есентаев қатысты.

Х қысқы Қазақстан оқушылар гимназиадасында жалпыкомандалық есепте 1-орынды Қостанай облысы, 2-орынды Солтүстік Қазақстан облысы, 3-орынды Алматы қаласы мен Нұр-Сұлтан қаласы иеленді.

Келесі ХІ қысқы Қазақстан оқушылар гимназиадасы 2023 жылы Ақмола облысында өтетін болады.

Биылғы Гимназиаданың тағы бір ерекшелігі – жарысқа қатысушылардың  ата-аналары мен жақындары, достары мен ұстаздары карантин жағдайында қашықтан отырып қолдауға мүмкіндік жасалды, яғни олар ютуб әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирден тамашалады. 

Жарыстар Орталықтың ютуб каналынан  тікелей эфирде көрсетілді. 

Бұл Гимназиаданың бас серіктесі әрі демеушісі Astana Garden School, №54 мектеп-лицейі, «Vinograd CAPITAL» қолдауының арқасында мүмкін болды. Ата-аналар мен ұстаздар қауымы ұйымдастырушылар мен демеушілерге алғыстарын жеткізді.

Спортпен айналысатын балалар үшін жақындарының жылы сөздері мен қолдауының қаншалықты маңызды екеніне көз жеткіздік. Бұл да біз үшін қуаныш - дейді олар.

Бұл сайыс бұрынғыдан өзгерек! Өзінің интеллектуалдық қабілеті мен спорттық шеберлігін шыңдап жүрген дарынды оқушы Павлодар облысы Назарбаев зияткерлік мектебінің шәкірті де  Гимназиадаға қатысып, бағын сынады. 

Сондай-ақ, 3-4 жасынан бері 10 жылдан астам уақыт спортты серік еткен балалар да бар. 

Жарыс алаңына баласына демеу беріп келген ата-аналар да көпке үлгі. Өмірінің мәні мен мағынасы, көзқуанышы - баласының қызығушылығын бөлісу, оған қолдау көрсету үлкен азамат болып қалыптасуына, келешегіне зор ықпал етеді. 

Спортпен айналысамын деген таңдауын құрметтеп, оны қолдап жүрген әрбір ата-ана сыйлауға лайық.

Х қысқы Қазақстан оқушылар гимназиадасы балалар үшін мүмкіндік пен достық алаңына айналды деп сеніммен айтуға болады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы