#Тәуелсіздік30. Маңғыстауда мың шақырымнан астам жол салынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстау облысында 30 жылда 1100 шақырым автомобиль жолы салынып, үш темір жол іске қосылды. Бұл туралы облыстық автомобиль жолдары басқармасының басшысы Адайбек Қалиев мәлімдеді. 

Тәуелсіздіктің 30 жылында өңірде Кавказ, Түркия және Қазақстанды байланыстыратын «Өзен–Берекет–Горган» халықаралық темір жол дәлізі ашылды. «Боржақты-Ерсай» және «Бейнеу-Шалқар» темір жолдары салынды.

Өткен ғасырдың 90-шы жылдары облыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы 1 778 шақырымды құраған. Тәуелсіздік алған жылдан бастап тағы 1 мың шақырымнан астам жол салынды, тозығы жеткен 2 мыңға жуық жол жөндеуден өткізілді, - деді басқарма басшысы. 

Адайбек Қалиевтің айтуынша, министрлік келесі жылы жүзеге асырылатын жаңа жобаларға қолдау көрсетіп отыр. 

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан 2022 жылы жүзеге асырылатын 6 жобаға қаржылық қолдау көрсетті. Келер жылы «Басқұдық ауылынан бастап Маңғыстау ауылына дейінгі 10 шақырым автомобиль жолы», «Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылын 4,3 шақырым айналма жолды салу, «МАЭК» су жинау каналынан «Құрық» паром кешеніне дейін 37 шақырым автомобиль жолын қайта жаңарту, «Жыңғылды – Шайыр –Шерқала», «Шетпе-Қызан» жолының «Тасмұрын – Мәстек, Мәстек-Қызан аралығына асфальт төсеу жұмыстары жүргізіледі, - деді ол. 

Басқарма басшысының мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы өңірдегі 154 шақырым жолға асфальт жабындысы төселген. Сондай-ақ 149 шақырымды қамтитын 8 жол қайта жаңартылды. Ал биыл облыстық және аудандық маңыздағы 12 жол қайта қалпына келтіріліп жатыр. Ақтаудың іргесіндегі жылы жағажайға дейін жаңа жол төселді. Бұл өңірдегі туризмді дамытуға мүмкіндік береді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы