#Тәуелсіздік30: Маңғыстауда 12 айда 12 іс-шара өтеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстау облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Нұртас Сали өңірде Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу бойынша атқарылатын жұмыстармен таныстырды.
Биыл - еліміз үшін ерекше жыл. Біз қастерлі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам бастық. Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ. Сондықтан мерейтойды өңірімізде жоғары деңгейде атап өту бойынша бірқатар жұмыс жасалуда, - деді Н. Сали.
Маңғыстау облысында Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі жоспар Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында жасақталып, облыс әкімімен бекітілді. Жоспарға республикалық және өңірлік деңгейде аса маңызды 132 іс-шара енгізілді.
Аталған жоспар бойынша Тәуелсіздіктің 30 жылдығының негізгі оқиғалары мен тақырыптары аясында 2021 жылдың әр айына атаулар беріліп, мән-мағынасы ашылып, ерекше тойланатын болады.
Атап айтқанда, қаңтар айына – «Қазақстанның жаһандық бастамалары. Халықаралық қауіпсіздікке қосқан үлесі» атауы, ақпан айына – «Қазақстан - спорттық ұлт», наурыз айына – «Қазақстанның ұлттық дәстүрлері мен мәдениеті», сәуір айына – «Ғылым және технологиялар», мамыр айына – «Ұлттық бірлік, бейбітшілік және тұрақтылық», маусым айына – «Патриотизм», шілде айына – «Астана күні. Нұр-Сұлтан - табыс пен өркендеудің символы», тамыз айына – «Тәуелсіздіктің құқықтық негіздері. Құқық үстемдігі және азаматтық қоғам», қыркүйек айына – «Білім», қазан айына – «Ауылды қайта түлету», қараша айына – «Индустриялық-инновациялық даму. Цифрлық экономика», желтоқсан айына – «Тәуелсіздік - орындалған арман. Қазақстан жолы» атаулары беріліп мерекелеу және дайындық жұмыстары басталып кетті.
Пандемияға байланысты шаралардың басым бөлігі онлайн режимде ұйымдастырылатын болады. Эпидемиологиялық жағдай тұрақталып жатса, шаралардың форматына қосымша өзгерістер енгізетін боламыз, - деді Н.Сали.