#Тәуелсіздік30. «Мәңгілік Ел» атты концерт өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың «Астана» концерт залында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы Қазақ оркестрінің Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Мәңгілік Ел» атты XXV маусымының ашылу концерті өтті. 

Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижёрі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» ордендерінің иегері, профессор - Айтқали Жайымов. Дирижёрлері – Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов, Халықаралық байқаулардың лауреаты, Композиторлар одағының мүшесі Арман Жайым.

Кештің мақсаты: Еңселі еліміздің Тәуелсіздігін ұлықтау арқылы жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімдерін ояту, тарихи  кезеңдері мен даму жолдары жөнінде танымдық әлеуетін арттыру. Егеменді еліміздің 30 жылда жеткен жетістігін көрсете отырып, ел тарихынан сыр шерту.

Тәуелсіздік мерекесіне арналған концертте Қазақ оркестрімен бірге Мәдениет саласының үздігі - Берік Омаров, «Құрмет» орденінің иегері - Жанар Жүсіпова, Халықаралық және Республикалық байқаулардың лауреаттары Алтынбек Әбілда, Алтынбек Арыстанбек, Әмина Бошымова, Әйгерім Аманжолова, Бибігүл Тыныштық және «Туған жер» атты балалар мен жасөспірімдер студиясының бишілері өнер көрсетті.

Халқымыздың біртуар перзенті - Әлихан Бөкейханов: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Біз шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек.  Мәдени музыкалық мұрамызды насихаттап, ұлттық құндылықтарымызды қастерлей отырып болашақ ұрпақ санасын сіңіру басты міндетіміз - дейді ұйымдастырушылар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы