#Тәуелсіздік30. Қосшы қаласында «Алтын домбыра» айтысы өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 10 желтоқсан күні Қосшы қаласында «Алтын домбыра» айтысы өтеді. Айтысқа Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласының тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген 30 жасқа дейінгі жас айтыскер ақындар қатысады. 

Бұл Қосшы қала мәртебесін алғаннан бері қаламызда алғаш рет өткізілгелі отырған додалы айтыс болмақ. Шараны айтыскер ақын, «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағының» атқарушы директоры Еркебұлан Қайназаров жүргізеді. 

Ұлттық суырып салма өнеріміз – айтыс халық қазынасы, әдеби мол мұрасы. Қазақ халқының қанынан сіңген бұл өнер бүгінгі күнге дейін өшпей, керісінше жаңғырып, тамыр жаюы – ұлттық болмысымыздың бұлжымауы және тәуелсіз ел ретінде дамуымыздың арқасы деп білеміз. Қазақ жанының айнасындай болған айтыс қай заманда болмасын қилы тағдырды, тарихымызды көрсетіп, ұлттық болмысымызды, тұрмысымызды ерекшелеп, бүгінімізді бағдарлап, келешегімізді кемелдеп отырған, – дейді ұйымдастырушылар.
Түрлі заманда айтыс өнері сахнадан ғана емес, санадан да ығыстырыла бастағанда тәуелсіздіктің таңы атты. Бұл хас өнеріміздің тамырына қайтадан қан жүгіртіп, рухымызды асқақтатып, қазақ ақындарының еңсе тіктеуіне ықпал етті. Тәуелсіздігімізді алған жылдардан бері өшпес өнерімізге мемлекеттік деңгейде ерекше көңіл бөлініп, кең тарауына мүмкіндік жасалуда. Осылайша, бүгінгі таңда елімізде жас, тәуелсіздіктің құрдас-ақындарының қатары қалыптасып, олар ұлттық өнерімізді жастар арасында дәріптеуде. 

Осы орайда, Қосшы қаласының әкімдігі тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген 30 жасқа дейінгі жас айтыскер ақындар арасында «Алтын домбыра» айтысын ұйымдастыруда. Бұл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын дәріптеу, ақындардың өнерін паш ету және қаламыздағы өнер сүюші қауымды құрметтеу мақсатында ұйымдастырылып отыр. 

Бас жүрдеге Қосшы қаласы әкімдігінің тапсырысымен арнайы жасалған алтын домбыра табысталса, жеңімпаздарға қаржылай сыйлық беріледі. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы