#Тәуелсіздік30: Елордада «Қайырымды істер марафоны» өтіп жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада «Қайырымды істер марафоны» атты донорлар мен меценаттар кездесуі өтіп жатыр.
Айта кетейік, Волонтерлер жылының салтанатты жабылу рәсімінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлық қызметті одан әрі дамытып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында жалпыұлттық жоба - «Қайырымды істер марафонын» өткізуді ұсынған болатын.
«Қайырым істер марафонында» сөз алған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Президент өз үндеуінде халықты игі істерге шақырғанын сөз етті.
Ыстық қайрат. Нұрлы ақыл. Жылы жүрек. Бұл өткен жылдың соңында ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ерекше мән беріп, көпшілікке айтқан Ұлы Абайдың үш ұлық сөзі. Жай сөздер емес, елді үлкен істерге, игі тірлік пен береке-бірлікке шақырған зор үндеуі, - деді министр.
Балаева басқосуда осы үндеуді жалпақ жұртқа, жаны жомарт азаматтар мен жүрегі кең ағайынға, яғни жалпы қазақстандықтарға арнап отырғанын айтты.
Президентіміз көтерген осынау игілікті бастама – «Қайырымды істер» марафонымен Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі кезеңінің шымылдығын ашып отырмыз десек, қателеспейміз. Сөз жоқ, қайырымдылық, меценаттық және донорлық – біздің қоғам үшін ең маңызды бағыттардың бірі. Сондықтан да, Президентіміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын кең көлемде атап өтуде халықтың бірлігін арттырып, елді ұйыстыруға арналған ізгі жобаларға басымдық беруге шақырған, - деді Ақпарат министрі кездесуде.
Министр атағандай, бұл – игілігі зор, қайырымы мол ізгі шара. Оған азаматтық сектор мен бизнес-қауымдастық өкілдерінің, мемлекеттік органдар мен барша белсенді азаматтардың қатысуы өте маңызды. Себебі қоғамның әлеуметтік-маңызды мәселелерін шешуде мемлекет – қоғам – бизнес өкілдері арасындағы әріптестікке артылар сенім зор.
Әсіресе, үкіметтік емес ұйымдарға баса мән беріп отырмыз. Бұл орайда, біз бұл ізгі жобаға ниет білдірген барлық азаматтар үшін – арнайы әлеуметтік және экономикалық шаралар қабылдау арқылы бұл үрдісті одан ары ынталандыруды қарастырып отырмыз, - деп атап өтті Балаева.
Министр бүгінгі шарада ұтымды ой-пікірлер, қайырымдылық пен донорлық қызметті одан ары дамыту бағытында нақты ұсыныстар мен жобалар күтетіндерін айтты.