#Тәуелсіздік30: Елордада бір уақытта мыңдаған оқушы ашық сабаққа қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін елордада тәуелсіздік сабағы ұйымдастырылды. Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі елордалық 30-дан аса жетекші мектеп мұғалімі мен оқушыларына қашықтан «Жасампаздық пен даму жылдары» атты ашық сабақ өткізді.

Аталған іс-шараны бір уақытта педагогтар мен мыңға жуық оқушы Youtube арнасының тікелей эфирінде тамашалады.

Ел Тәуелсіздігінің мерейлі 30 жылдығына арналған және Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы рөлін ашу аясында ұйымдастырылған сабаққа сарапшы мамандар қатысып, оң пікірлерін қалдырды, - делінген мектеп баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сарапшылар қатарында Мәдениет және спорт министрлігі «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» РММ-нің аға сарапшысы-ғылыми қызметкер, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің PhD докторанты Алмас Имангалиев, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері Әсия Оспанова, Зияткерлік мектеп директоры Сабыржан Сәдуақасов, «Қазақстан тарихы» пәнінің зерттеуші-мұғалімі Сәуле Ахметова, «География» пәнінің сарапшы-мұғалімі Меруерт Өміралина және «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің сарапшы-мұғалімі Тұрдыбай Ғаниев болды.


Ашық сабақ қатысушылары «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі – алуантүрлі мәдениеттер мен өркениеттердің ынтымақтастық алаңы» тақырыбында сөз қозғап, тапсырмаларды орындауда белсенділік көрсетті.

Аталған сабақ барысында тақырыпты ашу үшін топтық жұмыс ұйымдастырылды. Сыныптағы 24 оқушы 4 топқа бөлініп, www.religions-congress.org сайтындағы материалдар негізінде зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1-топқа съез қатысушыларының географиясын анықтап, маңыздылық концептін талдау, жұмыс нәтижесін инфографика ретінде ұсыну тапсырылды. 2-топқа съездің күн тәртібі мен негізгі баяндамаларын талдап, нәтижесін постер (timeline) ретінде көрсету ұсынылды. 3-топ съез тұжырымдарын талдау арқылы оның орындалу нәтижелілігіне баға беріп, дәйекті қорытынды жасады. Ал соңғы топқа берілген тапсырмада сабаққа келген сарапшы-қонақтармен тақырыпқа қатысты сұқбат жүргізу және жұмыс нәтижесін инфографика түрінде көрсету болды, - деді баспасөз қызметі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік аренадағы елдің бейбіт бастамаларындағы рөлі мен үлесін интерактивті түрде көрсетіп, насихаттау мақсатында өтілген шара барысында тақырып ашылып, оқушылардың белсенді қатысуымен және мектептің «Тарих» пәні мұғалімі Дулат Тұрарбековтың біліктілігімен сабақ жоғары деңгейде өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы