#Тәуелсіздік30. Ат спорты фестивалі. Теңге ілу
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ұлттық спорт қауымдастығының қолдауымен Ақмола облысының Ақкөл қаласындағы ипподромында ат спорты түрлері бойынша облыстық фестиваль өтті.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған сайысқа Ақмола облысының Ерейментау, Шортанды, Целиноград, Аршалы, Ақкөл, Зеренді аудандарынан және Нұр-Сұлтан, Көкшетай қалаларынан спортшылар қатысты.
Фестиваль барысында көкпар, жамбы ату, теңге ілу және 7 шақырымға ат жарысы өткізілді.
Сондай-ақ, фестивальге Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов және аудан әкімдерінің орынбасарлары, ұлттық спорт мектептерінің басшылары қатысты.
Сайыстың өтуіне облыс әкімдігі, «Кенесары сарбаздары» қоғамдық қоры және облыстағы ұлттық спорт мектептері мұрындық болған.
Фестивальдің шымылдығы Ерейментау ауданы мен Ақкөл ауданы көкпаршыларының жекпе-жегімен басталып, теңге ілу сайысымен жалғасты.
Облыстың бірнеше ауданынан келген 14 қатысушы өзара епті теңге ілушіні анықтады.
Екі айналымнан тұратын сайыста әркім өз шеберлігін танытып қалуға тырысты. Дегенмен, бірінің аты жараса, өзі жарамай, бірінің өзі сай болса да, аты сай болмай, ойын қорытындысыда 14 адамнан 2 жеңімпаз ғана анықталды.
Теңгені қанша көп ілсе де, 90 метрді 16 секундта шауып өте алмаса, жүлде есептелмейді. Не керісінше 90 метрді 9 секундта шауып өтіп, бір теңге де іліп ала алмаса, уақыт есептелмейді.
Сонымен 10 секундта 3 теңге ілген Целиноград ауданының спортшысы Бекнұр Қиқу ІІ орынға табан тіресе, 8 секундта 3 теңге ілген көкшетаулық Әділ Азбаев І орыннан көріне білді.
1-орын – Әділ Азбаев (Көкшетау, Коасный Яр) - 100 000 тг
2-орын – Бектұр Қиқу (Целииноград ауданы) - 50 000 тг
Жастайымнан ат үстінде өстім. Кішкене кезімде атқа шабатынмын. Есейе келе теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, көкпарға қатысатын болдым. Жаттықтырушым әкем – Мақсат Азбаев. Әрине, әке болған соң қамқорлығы да бар. Бірақ жаттығу алаңында – ақатал тренер. Сол әкемнің дайындауының, үйретуінің арқасында жетістікке жетіп келемін – дейді жеңімпаз жігіт.
Теңге ілу спортынан соң фестиваль салтанаты жамбы ату спортымен жалғасты.