#Тәуелсіздік30. Алматыда жаңа саябақтың құрылысы басталды

Алматы, BAQ.KZ. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жаңа желілік парктің салынуына қатысты. Іс-шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған.

Бақытжан Сағынтаев іс-шараға қатысушыларды, жобаға қолдау көрсеткен меценаттарды, сондай-ақ барша қала тұрғындарын келе жатқан басты мерекемен құттықтады.

Жайлы жағдай жасау, Алматы экологиясын жақсарту жөніндегі кешенді шаралар біздің басты міндеттеріміз болып табылады. Жаңа саябақ Jasyl Almaty жобасы аясында құрылатын қаланың жасыл белдеуінің маңызды бөлігіне айналады, - деді Сағынтаев.

Жаңа парктің құрылуына бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ірі құрылыс компаниялары қолдау көрсетті. Желілі парктің алаңы – 107,1 га. Ол Алатау ауданында, Б. Момышұлы көшесінің батысында орналасқан.

Бірінші кезеңде 3,2 га алаңда көгалдандыру аясында 600-ден кем емес жапырақты ағаш көшеттері, оның ішінде шегіршін, шаған және қара өрік отырғызылады.

Еске салсақ, Алматыда екінші жыл Jasyl Almaty бағдарламасы жүзеге асырылуда, оның аясында үш жылда 1 млн ағаш отырғызу қарастырылған. Бүгінде қаланың барлық аудандарында 530 мыңнан астам ағаш отырғызылды. 
Биыл 350 мың ағашты отырғызу басталды, қазіргі кезде отырғызылғаны – 115 мыңға жуық ағаш.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы