#Тәуелсіздік30. Адам атқа мініп, ту ұстағанда рухы биікке асқақтайды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде жыл басынан бері «Менің Отаным - менің Туым» патриоттық акциясы өтіп жатыр. Аталған челлендж Солтүстік Қазақстан облысынан бастау алып, басқа да өңірлерден жалғасын тапты.
Өткен аптада патриоттық акция Солтүстік Қазақстан облысының тағы бір ауылында өтті. Осынау іс-шараны өткізудің негізгі ерекшелігі жайында акцияға қатысқан Жаңажол ауылының тұрғыны Ержан Махметов айтып берді.
Жаңажол ауылы
Жаңажол ауылы Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданында орналасқан.
Ержан Махметовтің айтуынша, ауылда 120-ға жуық үй бар. Ал халық саны шамамен 1000 адамды құрайды.
Ауылда бір мектеп, мешіт және 2016 жылы ашылған дене шынықтыру-сауықтыру орталығы бар. Ол жерде ауыл тұрғындары бос уақыттарында спортпен шүғылданады. Одан бөлек, ауылымызда қазақ күресі, тоғызқұмалақ спорты айтарлықтай дамыған, - дейді ол.
Ержан айтқандай, жаңажолдық жігіттер спортпен белсене айналысады.
Аталған челлендж республикалық деңгейде өтіп жатқан ұлттық акция деп айтсам болады. Бұл елдің рухын көтеретін тамаша бастама деп ойлаймын. Себебі өзіміз де атқа мініп, шаптық. Адам атқа мініп, ту ұстағанда рухы биікке асқақтайтынын байқадық, - деп түсіндірді ол акцияны.
Айта кетсек, ауыл тұрғындарының негізгі тіршілік көзі басқа ауылдардағыдай – мал және егін шаруашылығы.
Патриоттық акция. Тудың қасиетін түсініп, адамның рухы көтеріледі
Бұл ұлттық челлендж Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында ұлттық дәстүрімізді ұлықтап, өзімізден кейінгі жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылды. Алдағы уақытта да осы іспеттес акциялар жиі ұйымдастырылып отырғаны дұрыс. Себебі осындай шаралар кезінде тудың қасиетін, қадірін түсініп, адамның рухы көтеріледі, - дейді ол.
Сонымен қатар, Ержан Махметов осы акцияның жалғасы наурыз айында ұйымдастырылса деген ойы бар екенін жеткізді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, наурызды жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Осы акцияны наурыз мейрамында жалғастырып, ұлттық спорт түрлерін дәріптеп, күрес түрлерінен, қазақша күрес, аударыспақ, белдесу, теңге алу, қыз қуу сияқты ұлттық ойындарымыз ойнап, атап өтсек болады. Осылайша ұлттық дәстүрімізді жаңғырта аламыз, - деп айтты жаңажолдық.
Ат спорты қазақтың қанында бар. Осы спорт түрін дамыту қажет. Қазіргі таңда адамдардың басым көпшілігі атқа мінбейді. Сондықтан осы акцияның тағы бір мақсаты ат спортын да көрсету болды.
Ол елімізде осындай мән-мағынасы зор акциялар өтіп тұрғаны жақсы дейді.
Байрақты биікке көтерген шараны басқа да ауылдар өткізіп жатқандықтан біз де қалыс қалмауға тырыстық. Оның үстіне ауылда акцияны ұйымдастыруда еш қиындық болмады. Тез әрі белсенді түрде жұмыла ұйымдастырдық. Бір апта ішінде дайындалып, фото және видео операторларды шақырдық. Жігіттер видео түсірілімге аттарды әзірледі. Қыс мезгілі болғандықтан жолдарды да қардан тазарттық, - деп атап өтті ауыл тұрғыны Ержан.
Оның пікірінше, Жаңажол ауылында өткен патриоттық акция өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, ол ауылда тұрғындардың рухын асқақтататын осындай акциялар жиілеп өткізіліп тұрса деген ниетін білдірді.
Акция халықтың еңсесін көтеріп, қуаныш сыйлады
Шараны 16 қаңтарда өткіздік. Жалпы халыққа, жастарға мұның тәрбиелік маңызы зор деп есептеймін. Қазіргі кезде елімізде, жалпы әлемде пандемиядан кейін халықтың еңсесі түсіп кетті. Дегенмен бұл іс-шара титтей де болса, халықтың еңсесін көтеріп, қуаныш сыйлады, - дейді Ержан Махметов өз сөзінде.
Ол енді жастар ат спортын одан әрі дамытса деген тілегі бар екенін айтты.
Сонымен қатар, жаңажолдық Ержан акциядан кейінгі сезімімен бөлісті.
Өте керемет патриоттық шара болды. Адам туды ұстап, атқа мініп шапса, керемет сезімде болатынына көзім жетті. Бұл менің өз басымнан өтті, - дейді ол.
Одан бөлек, ол адамның еліне деген сүйіспеншілігі арта түсетіні анық екенін жеткізді. Болашақта да осындай игі шаралар өткізіп тұру қажет екенін айтты.
Елімізде атқа мінуді бұқаралық бағытта дамыту қажет. Салауатты өмір салтын ұстауда атқа отырып шабудың пайдасы мол. Сондықтан мұны мектеп бағдарламасына енгізсе болады. Әрине, ауылдықтар атқа жиі отырады. Дегенмен қалаларда атқа мінетін орталықтар көптеп ашу қажет, - деген пікірде Ержан Махметов.
Ол сөзін қорытындылай келе Жаңажол ауылында ұйымдастырылған акцияның тағы бір ерекшелігіне тоқталды.
Біз өткізген челлендждің бір ерекшелігі – ұлттық спортты, ұлттық салт-дәстүрді көрсету болды. Сондықтан видеороликке басқа ауылдар сияқты көлікпен түскен жоқпыз. Ұлттық дәстүрді дәріптеу мақсатында тек атпен шаптық. Сондықтан менің ойымша, мұның да тәрбиелік мәні зор, - деп түсіндірді ол.
Айта кетейік, жаңажолдық Ержан Махметов қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Әйтсе де, оның сөзінше ол туған жеріне жиі барып тұрады.
Ауылыма, Жаңажолға уақыт тауып, жиі барып тұрамын. Осындай шаралар ұйымдастырылған кезде басы-қасында жүреміз. Негізі біздің ауылды балуандардың ауылы деп атайды. Себебі ауылдықтардың арасында нағыз күрес өнеріне еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін бейім. Республикаға танымал ауылымыздан шыққан балуандарымыз жетерлік. Бұл біздің ауылдың бір ерекшелігі, - деп айтты ол.
Сұхбат соңында Ержан Махметов елімізге амандық, жұртымызға тыныштық тіледі.
Айта кетейік, Жаңажол ауылының тұрғындары челленджді Қазақстан спорт шеберлері мен экстрада жұлдыздарына жолдады.