Тәуелсіздік жылдарындағы мәслихат институты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2021 жылдың 10 қаңтарында елде Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау өтеді. Осы ретте «Тәуелсіз Қазақстан тарихында мәслихат инситутының рөлі қандай болды?» деген сұраққа жауап іздеп көрмекпіз.

Қазақстанда мәслихат инситутының қалыптасқанына 26 жыл болды. Тәуелсіз еліміздегі алғашқы мәслихат сайлауы 1994 жылғы 7 наурызда өткізіліп, әр деңгейдегі мәслихаттар органдары өмірге енді. Одан кейінгі мәслихат сайлаулары 1999 жылы 24 қазанда, 2003 жылы 20 қыркүйекте, 2007 жылы 18 тамызда, 2012 жылы 15 қаңтарда, сондай-ақ 2016 жылы 20 наурызда өткен болатын.

90-жылдардың бас жағында мәслихаттың беделі бар еді. Өйткені сол кездегі сайлаудың басты ерекшелігі – елімізде тіркелген түрлі партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің депутаттыққа үміткер кандидаттарын өздері іріктеп, жекелеген азаматтардың өзін-өзі ұсынуы болды. Сондықтан мәслихаттың рөлі, сайланған депутаттардың деңгейі жоғары болатын. Облыс, аудан, қала әкімдеріне қарсы шығып, тіпті кейбір кезде ұсыныстарын қабылдатпай тастайтын айбарлы мәслихаттар да болды. Бірақ осы жылдар ішінде әкімдерге сенімсіздік білдірген мәслихат депутатын көрген емеспіз. Тіпті, Президент немесе Президент әкімшілігінің басшысы келіп жаңа әкімді таныстырғанда да бәрі бірауыздан қолдап шыға келеді. 

Әйтпесе, «ҚР жергілікті басқару туралы» заңының 24-бабында мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіру өкілеттігі бар деп жазылған. 
Яғни мәслихат депутаттарының жалпы санының кемiнде бестен бiрiнiң бастамасы бойынша әкiмге сенiмсiздiк бiлдiру туралы мәселе қойылуы мүмкiн. Бұл жағдайда мәслихат өз депутаттарының жалпы санының көпшiлiк дауысымен әкiмге сенiмсiздiк бiлдiруге және тиiсiнше Қазақстан Республикасы Президентiнiң не жоғары тұрған әкiмнiң алдына оны қызметiнен босату жөнiнде мәселе қоюға құқылы, - делінген заң жобасында.
2018 жылы мәслихат депутаттарын партиялық тізіммен сайлайтын заң жобасы қабылданып кетті. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасында «Мәслихаттардың депутаттары аумақтық сайлау округі бойынша саяси партиялар ұсынған партиялық тізім бойынша сайланады» деп көрсетілген. 

Бұған дейін мәслихат сайлауы мажоритарлы сайлау жүйесі бойынша өткізілетін. Яғни мәслихат сайлауына кандидаттарын қосатын партиялар мен қоғамдық бірлестіктермен қатар, жеке азаматтар да өздерін ұсына алатын еді.

Енді 2021 жылғы 10 қазанда сайлауда мәслихат депутаттары да партиялық тізім бойынша сайланады. 
Алдағы мәслихаттар сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өтеді. Пропорционалды модель әлемдік демократиялық тәжірибеге толық сай келеді, саяси жүйені нығайтуға, демократияны дамытуға ықпал етеді, саяси партиялардың жұмысын жандандырады, - дейді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.


2020 жылғы қазан айындағы жағ­дай бойынша Қазақстанда 6 саяси партия ресми тіркелген. Бұлар – «Nur Otan», «Ақ жол», «Ақиқат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП), Қазақстан коммунистік халық партия (ҚКХП), «Ауыл» және «Бірлік» пар­тиялары. Яғни мәслихатқа депутат болғысы келетіндер осы партияның мүшелері болуы тиіс.

Осы күні мәслихат депутаттары халықтың емес, әкімдердің сойылын соғып, айтқанынан шықпайды деген пікір бар. Себебі олардың көбі жергілікті бизнесмендер мен белсенділер. Бұл тенденцияны жою үшін мәслихаттардың құрамын жаңартып, оған ойы азат жастарды көбірек тарту керек. Саясаттанушы Ерлан Сайыров Facebook-тегі парақшасында осы сарында жазған.
Біз бизнесменге қарсы емеспіз, керісінше, бизнестің дамығанын қалаймыз. Өкінішке қарай, мәслихатқа депутат болған бизнесмендер жергілікті әкімнің сыбайласы болып шығады. Бюджетті бірге мүжиді, айтқанынан қайтпайды, кез келген құжатты бекіте береді. Осы шеңберді бұзу керек. Барлық деңгейде жас, принципті позициясы бар, мемлекетшіл тұлғалар келуі тиіс. 216 мәслихаттың әрбіреуінде сондай бір-екі тұлғаның отырғанының өзінде жағдайдың өзгеретіні анық, - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.


Ерлан Сайыров мәслихат депутаттарының екі пайызы ғана жастар деп отыр. 

Қалай десек те, 26 жыл ішінде мәслихат саяси институт ретінде қалыптасты. Атқаратын функциясы бар. «Жергілікті мемлекеттік басқару туралы» заңына сәйкес мәслихат өкілетті орган ретінде мынандай функцияларды орындайды:

• аумақтың жоспарын, экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламаларын, жергілікті бюджетті, оның атқарылуы туралы есепті бекіту;
• қоршаған ортаны қорғау бойынша бағдарламаларды бекіту;
• әкім ұсынған әкімшілік – аумақтық бірлікті басқару сызбасын бекіту;
• әкімнің ұсынысы бойынша әкиматтың жеке құрамын мәслихат сессиясының шешімімен келісу;
• атқарушы органдар жетекшілерінің есептерін қарау, мәслихат шешімін орындамаған ұйымдардың, мемлекеттік басқару органдарының лауазымды тұлғаларын жауапкершілікке тарту бойынша тиісті органдарға ұсыныс беру;
• ҚР заңдарына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету өкілеттіктерін іске асыру;
• ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес тәртіпті бекіту;
• жергілікті бюджеттің жоспарларының, экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламаларының орындалуына бақылау жасау;
• мәслихаттың тұрақты комиссиясын және басқа да органдарын құру, олардың қызметтерінің есептерін тыңдау;
• халықты еңбекпен қамту және кедейшілікпен күресу бағдарламасын бекіту;
• ведомствоаралық сипаттағы мәселелер бойынша әеімдік жанынан консультативтік-кеңестің жеке құрамын әкімнің ұсынысымен бекіту;
• ҚР жер заңдары бойынша жер қатынастарын реттеуді жүзеге асыру;
• ҚР конституциялық нормаларын, заңдарын, Президенттің актілерін, ҚР Үкіметінің нормативтік құқықтық актілерін орындауға қатысу.

Былтыр Қазақстан мәслихаттарының 25 жылдығына арналған республикалық конференцияда ҚР Парламенті Сенатының спикері болған Дариға Назарбаева жергілікті депутаттардың пікіріне мән беру керектігін айтқаны бар.


Жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару органдары халыққа барынша жақын, олар елдің уайымы мен үмітін жақсы біледі. Менің аймақтарға іс-сапарларым, депутаттармен қарым-қатынас барысы республикалық бюджет, заңнамалық жұмыстар бойынша сіздерде үлкен потенциал бар екенін көрсетті. Республикалық деңгейде шешім қабылдаған кезде де аймақтардың, ең алдымен мәслихат депутаттарының ұстанымдары мен пікірлеріне көбірек назар аудару қажет деп ойлаймын, - деген еді Дариға Назарбаева.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы