Тәуелсіздік жолындағы Алаш зиялыларының іс-әрекеті

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Республикамыздың тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан тарихының өзекті мәселелерінің бірі - тәуелсіз Қазақ мемлекетінің тарихы. XVIII-XIX ғасырларда Қазақстан Ресейге толық бағынған соң қазақ халқы отарлық езгіге қарсы 100 жылдан астам өз мемлекетін қайтадан қалпына келтіру үшін күрес жүргізді. ХХ ғасырдың 20-жылдарына қарай тапсыз қоғам құру үлгісін ұсынған кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйе қарамағындағы қуыршақ мемлекет дәуірін бастан кешірді. Бұл туралы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының доценті Гүлжазира Әбікенова сұхбат барысында айтты.

Траихшының айтуынша, қазақ халқы үшін мемлекетін қалпына келтіру мүмкіндігі 1917 жылғы Ресейде орын алған Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясынан кейін туындаған. Қазақ өлкесін қайта оятып, оның тәуелсіздігін қалпына келтіруге тырысқан «Алаш» партиясы мен оның саяси жетекшілері мен мүшелеріне қарсы ұйымдастырылған әкімшіл-әміршіл жүйенің репрессиялау саясаты өз кезегінде бұл мәселені арнайы тарихи зерттеуге тиым салынған. 80-жылдардың аяғындағы қоғамды қайта құру мен жариялылықтың басталуы Алаш зиялыларына қатысты тарихи шындықты қалпына келтіруге бағытталған зерттеу жұмыстарын негіздеуге жол ашқан.

Соған орай Алаш зиялыларының қоғамдағы орны мен атқарған қызметтеріне қатысты М.Қ. Қозыбаев, К.Н. Нұрпейісов, М.Қ. Қойгелдиев, Т.О. Омарбеков, Қ.М. Атабаев, Д.А. Аманжолова, А.Қара және тағы басқа ғалымдар еңбектері оларды жалпы қоғамға танымал етті. Десек те, бүгін елімізде «Рухани жаңғыру», «Мәңгілік ел» бағдарламалары аясында жастарды елі мен Отанының патриоты болуға шақырған ауқымды шараларға тартуға қарамастан студенттер мен жас зерттеушілер әлі де болса қазақ зиялыларының тоталитарлық жүйенің қалыптасу тұсындағы қазақ автономиясын жүзеге асыру жолындағы күресін, ұлттық рәміздерін қалыптастыруға тырысқан әрекеттерін толыққанды бағалап, ашып көрсете алмайтындары да кездеседі. Аталған зерттеушілердің пікірінше қазақ зиялылары ақпан революциясына үлкен үмітпен қарап, қоғамдық дамудың аса маңызды мәселелері бойынша жаңа билікті қолдап, жаңа іс-әркетке кіріседі, - дейді Г. Әбікенова.

Қазақ зиялыларының ұлт болашағы, оның тәуелсіз болуын қалаған асқақ армандары олардың іс-әрекетімен қатар, шығармаларында да кеңінен көрініс тапқан. Солардың бірі, М. Дулатов өзінің «Оян, қазақ!» өлеңімен тәуелсіздікке жетуде ең алдымен халықтың қалың ұйқыдан оянып, оқу білімге ұмтылуы керектігін түсіндіреді. Алаш зиялысы, тіл маманы Т. Шонанұлы елдегі қоғамдық-саяси мәселелерге де өз тарапынан пікір қоса отырып, өзге елдерден үлгі алу керек деп санады.

Алаш зиялыларының ел тәуелсіздігі үшін іс-әркетінің тағы бір қадамы болашақ елдің елтаңбасы мен мөрі, әнұраны мәселесі болды. Жалпы тарихи деректерде Алашорданың ақ және жасыл түсті тулары болғаны жөнінде мәліметтер кездеседі. Қалай десек те, ХХ ғасыр басында қалыптасқан қазақ зиялыларының бар мақсат-мүддесі Тәуелсіз қазақ мемлекетін қалпына келтіру болды. Бірақ тарихи даму үрдісіне сай кеңестік жүйенің ықпалына түскен Алаш зиялылары автономиялы болса да қазақ мемлекетін құрып, оның территориялық межесін қалпына келтіру, халықтың сауатын ашу сынды жұмыстардың алғашқы сапынан көрінуге тырысты. Алайда олар большевиктер париясының әкімшіл-әміршіл саясатының құрбаны болды. Бұл туралы Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «Алаш» партиясының жетекшілері ұсынған көптеген қағидалар күні бүгінге дейін өз маңызын сақтап отыр, алдына қойған мақсаты қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, оны заманғы шындыққа бейімдеу еді... Бір сөзбен айтқанда олар елді өркендетудің демократиялық баламасын ұсынды, бірақ ол авторитарлық үрдістер салдарынан жүзеге аспай қалды»,- деп атап көрсетеді, - дейді тарихшы.

Қайткенімен, бүгінгі ширек ғасырдан асып, 30 жылдық Тәуелсіздік мерейтойын атап өткелі отырған Қазақстан Республикасының өткен тарихының ақтаңдақ беттерінде «Алаш» зиялыларының тәуелсіздік жолындағы күресі, іс-әрекеттері алғашқы ілекте жазылып қала берері сөзсіз. Ол жігерлі, ұлтжанды, нағыз патриот ел азаматтарын тәрбиелеу жолындағы негізгі қадам болып қала береді. Осы орайда «Мәңгілік ел», «Рухани мұра», «Рухани жаңғыру» атты мемлекеттік идеяларды жас ғалымдар, жалпы өскелең ұрпақ арасында насихаттауда «Педагогикалық Ғылымдар Академиясы» Қоғамдық бірлестігі Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне арналған патриоттық іс-шаралар өткізу» әлеуметтік жобасы да бірқатар жұмыс жасап, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ–нің Тарих факультетінің профессор-оқытушылар құрамымен жұмыс жасауы да игі бастама деп ерекше атап өтуге болады.

ҚазҰУ-нің оқытушылары Педагогикалық Ғылым Академиясы ұйымдастыруымен Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасы қолдауымен «Қазақстан Республикасы рәміздеріне арналған патриоттық іс-шаралар өткізу» жобасы аясында оқушылар мен студенттермен кездесулер өткізді. Олай болса, бірлесіп жасалған жұмыстар, ортақ идея мен мүдде ұлттық болашағымыздың негізгі тірегі болып қала бермек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы