Тәуелсіздік ұрпақтары Президентпен бірге – Думан Әкім
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тәуелсіздік құрдастары Мемлекет басшымен бірге. Мұндай пікірді «Қазақ ұлттық өнер унивеситеті» колледжінің оқытушысы Думан Әкім айтты.
Ол өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық бастамасын қолдайтынын жеткізді.
Президенттің қазақ елінің амандығы үшін жасалып отырған әр шешімін толық қолдаймын. Жалпы елімізді оң өзгерістер күтіп тұрғанына және болашағымыз жарқын екеніне сенемін, - деп айтты оқытушы.
Думан Әкім елде болған жағдайға қатысты ойын білдірді.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтіп, жаңа барыс жылын қарсы алып, коронавирус індетінен аман-есен құтылайық деп отырғанда елімізге қатер төнді. Бейбіт шеруге шыққан халық жерімді, елімді ойран-топыран шығарамын деп шыққан жоқ. Елден және шеттен дайындалып келген террористер осы бейбіт шеруді пайдаланып, елімізге қауіп төндірді. Ал бейбіт шеруге шыққан халық өз талаптарын айтып, бейбіт тарқасты. Елдегі қалыптасқан қайғылы оқиға террористердің әрекетінен болды деп ойлаймын. Одан бөлек, Президентіміз айтқандай, олар – халықаралық деңгейде дайындалып келген террористер, - дейді Думан Әкім.
Ол осындай тәртіпсіздік болған жағдайда халық не істеуі керек екенін айтты.
Ең алдымен халық сабыр сақтауы керек. Одан бөлек, барлығымыз көріп отырғанымыздай, Президент халыққа үндеуін жолдап отыр. Оған біз құлақ салуымыз керек. Төтенше жағдай режимін бұзбай, үйде сабыр сақтауымыз қажет, - деп айтты ол отандастарына.
Думан Әкім қазақстандықтарды Президентке сенуге шақырды.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бауырымыз бүтін болсын! Елімізде тұрақтылық сақталып, бірлік пен ынтымақ арта берсін. Ел іргесі тыныш болсын. Тәуелсіздік ұрпақтары Президентпен бірге! – деді Думан Әкім.