"Тәуелсіздік ұрпақтары" гранты аясында алғашқы қазақша кәсіби бағдар ойыны жарық көрді
Мағжан Жұмабаевтың 132 жылдығына орай Солтүстік Қазақстан облысында жасөспірімдерге кәсіби бағдар беруге арналған ерекше жоба – "КәсібиGO: ойна да таңда" үстел ойыны таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл бастама жастардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға бағытталған алғашқы қазақша кәсіби бағдар ойыны болмақ.
Жобаның авторы – Әлия Қарақожаева, кәсіби бағдар саласындағы халықаралық коуч, PhD кандидаты. Ол 2024 жылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған "Тәуелсіздік ұрпақтары" грантының жеңімпазы атанып, осы идеясын жүзеге асыруға мүмкіндік алды.
"КәсібиGO" ойыны 5-10 адамнан тұратын топпен 2 сағатқа созылатын сессия ретінде өткізіледі. Қатысушылар жеке тұлғалық қабілеттері мен мінез ерекшеліктерін анықтайды, еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылармен танысады, өз қызығушылықтары мен құндылықтарына сай мамандық таңдау тәжірибесінен өтеді.
Жоба аясында үстел ойыны Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Алматы облыстарындағы мектептерге тегін таратылады. Автордың айтуынша, бұл географияны кеңейту – алдағы мақсат.
Мамандық таңдау – жасөспірім өміріндегі ең маңызды шешімдердің бірі. Алайда зерттеулерге сүйенсек, қазақстандықтардың 60%-ы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Сонымен қатар, оқушылардың 87%-ы болашақ мамандығын ата-анасы мен мұғалімнің ықпалымен таңдайды. Бұл көрсеткіштер кәсіби бағдарлаудың жаңаша құралдарын енгізу қажеттігін көрсетеді, – дейді жобаның авторы Әлия Қарақожаева.
"КәсібиGO" ойынының басты миссиясы – әр жасөспірімге өзін тануға, қызығушылығын нақтылауға және саналы түрде мамандық таңдауға көмектесу. Бұл – ұлттық мүддемен үндес, ұрпақ болашағына салынған инвестиция.