Тәуелсіздік құрдасы: Құтқарушы

Бүгін Қазақстанның тәуелсіз ел атанғанына 32 жыл толды. Осы орайда тәуелсіздік құрдасы, бейбіт заманның батыры Жақсылық Бекбергенов жайлы айтуды жөн көрдік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жақсылық Бекбергенов - Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығы, азаматтық қорғау майоры. Бір сөзбен айтқанда құтқарушы, өрт сөндіруші.

Жақсылық Бекбергенов 1991 жылы 24 шілдеде Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ақкөл ауылында дүниеге келген. Орта мектепте жақсы оқыған Жақсылық әрдайым соңынан ерген іні, қарындастарына үлгі бола білді. 2009–2013 жылдар аралығында Төтенше жағдайлар министрлігінің сол кездегі Көкшетау техникалық институтында, қазіргі М.Ғабдуллин атындағы академиясында «өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша жоғары білім алып, кейіннен Беларусь Республикасында одан әрі біліктілігін арттырған.

Жақсылық Бекбергенов азаматтық қорғау саласындағы алғашқы еңбек жолын 2013 жылы Жаңатас қаласындағы №4 өрт сөндіру бөлімінде бастап, одан әрі 2017 жылдарға дейін Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде, сондай-ақ Тараз қаласы №15 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығы лауазымдарында қызмет атқарған. Ол кезеңде түрлі өрттер мен табиғи апаттарды жою жолында белсенді жұмыс істеп, атқарған еңбегіне орай жоғары басшылықтың көзіне түсіп, нәтижесінде Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылы №8 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары лауазымына тағайындалады. Ал 2018-2020 жылдар аралығында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығымен тәмамдайды.

Жақсылық өзі қызмет атқарған жылдар ішінде бойына жиған кәсіби біліктілігі мен білімін төтенше жағдайларды жоюға сарқа жұмсап, өзінің қайтпас қайсарлығымен және адал еңбегімен Тараз қаласы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы лауазымына орналасады. Ал одан әрі күнделікті тілсіз жаумен бетпе-бет келіп, тәжірибесін шыңдай түскен жас қыранның еңбегі жоғары басшлық тарапынан еленіп, ескеріліп, Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары лауазымына көтерілді. Ол тек тұрғын үйлерде туындаған өрттерді сөндірумен ғана шектеліп немесе апаттық-құтқару жұмыстарына қатысып қана қоймай, сонымен қатар табиғи өрттерді жоюға да сан мәрте тікелей атсалысты. Ж.Бекбергенов қай аудан, қай өңір аумағында жүрсе де, халықты түрлі сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау жолында атқарған қызметіне орай әрдайым еңбегі еленіп, өзі қызмет атқарған Байзақ ауданы мен Т.Рысқұлов, Меркі аудандары әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталуы осының айғағы іспетті.

Т.Рысқұлов ауданындағы Шолақ, Қайыңды таулы аумағында қураған шөптен шыққан өрт аумағы ұлғаяды. Оқиға орнына Тараз қаласынан ТЖД күштері мен құралдары, яғни 45 адам жеке құрам мен 4 техника жұмылдырылады. Сондай-ақ Орман және жануарларды қорғау мекемесі мен еріктілер құрамы және «Казавиаспас» АҚ тікұшағы да өрт аумағына барлау жүргізу және жеке құрамды оқиға орнына жеткізу мақсатында Тараз қаласының аэропортынан ұшып шығады. Дәл осы кезеңде осы дала өрті оқиғасын жою бойынша жеке құрамға басшылық еткен азаматтық қорғау майоры Жақсылық Бекбергенов өрттің одан әрі таралуының алдын алуға тиімді жетекшілік етіп, қызыл жалынның одан әрі егістік алқаптарына жайылуының алдын алып, айтып келмейтін апат, төтенше жағдай салдарын дер кезінде жоюға тікелей атсалысады.

Сондай-ақ 2023 жылы шілденің шіліңгір күндерінің бірінде Меркі ауданы, Ақтоған ауылы аумағындағы Молалы маңында қураған шөпке найзағай түсуі салдарынан туындаған өрт одан әрі бет бақтырмай, ұлғайған үстіне ұлғая береді. Аталған өрт оқиғасына жергілікті басқару органдары мен өзге де тиісті қызметтердің жұмылдырылуына қарамастан, қызыл жалынның екпіні басылмай, қайта керісінше желдің күшімен үдей түседі. Осы оқиға бойынша келесі күні Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің арнайы адамдарды тасымалдау көлігімен 25 адамнан құралған жеке құрам оқиға орнына аттанады. Бұл жолы да аталған жеке құрамға басшылық етіп, бастап барған Қызмет бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Жақсылық Бекбергенов жағдайды тиісінше жоғары деңгейде бағалап, қызыл жалынның неғұрлым тиімді әдістер арқылы жойылуына үлкен үлес қосады. Дер кезінде өрттің ең көлемді орындарына жеке құрамды жедел бағыттай біліп, нәтижесінде көп ұзамай өрт жойылады.

Сонымен бірге Байзақ ауданы аумағында орналасқан жанармай құю бекетінде өртке оранған газ тасымалдаушы жүк көлігінде туындаған өртті жою оқиғасының да басы-қасында болып, өртті жою жұмыстарына жетекшілік етіп, тікелей атсалысқан. Нәтижесінде ешбір жан жапа шекпей, өрт жойылған. Ал 2023 жылдың қаңтар айында Талас, Сарысу аудандарында орын алған күшті желдің салдарынан болған ақтүтек боран кезінде жолда қалған адамдар мен автокөліктерді боран құрсауынан құтқару жұмыстарына да белсене атсалысады.

Ол оқиға қалай болды? Жақсылық Бекбергенов осы және өзге де түрлі сипаттағы төтенше жағдайлар мен өрттерді жою барысында атқарған еңбегіне орай Төтенше жағдайлар министрлігінің ІІІ дәрежелі «Құтқарушы» және оған қоса «Құтқарушы» кеуде белгілерімен, Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін ІІІ дәрежелі медалімен, «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» кеуде белгісімен, сондай-ақ «Қазақстан полициясына 25 жыл» мерекелік медалімен, мұнан өзге түрлі сипаттағы облыс, аудан, қала әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталған.

Бүгінде Жақсылық жұбайы Альбина екеуі Альтаир, Адия, Амир, Айлин есімді ұл-қыздарды тәрбиелеп отырған көпбалалы, өнегелі отбасы. Айтпақшы, Жақсылықтың жұбайы Альбина да азаматтық қорғау саласында диспетчер лауазымында қызмет атқарып, халықты төтенше жағдайлардан қорғау жолында жемісті еңбек атқарып келеді. Азаматтық қорғау саласында жүріп, отбасын құрған жанұяға тек жақсылық тілеп, егемен елдің дамуы жолындағы қызметтерін одан әрі жалғастыра берулеріне шын жүректен тілектеспіз.

Ақпарат пен фото Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Қоғаммен байланыс тобынан алынды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы