Тәуелсіздік күні Нұр-Сұлтанда 150-ден астам сәби дүниеге келген
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 16 және 17 желтоқсанда дүниеге келген нәрестелерге Мемлекет басшысының атынан «Сүйінші» baby-бокстары тапсырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Нұр-Сұлтанда 16 және 17 желтоқсан күндері 150-ден астам сәби дүниеге келді. «Сүйінші» сыйлық жинағына «Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл» естелік монетасы, туу туралы куәлік, жас ата-аналарға арналған ақпараттандыру брошюралары, жаңа туған нәрестеге арналған түрлі керек-жарақтар мен гигиена құралдары кіреді.
«Сүйінші» сыйлық қораптарында сәбилерге арналған ең қажетті тауарлар бар. Онда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтау хаты, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай шығарылған естелік монета және баланың туу туралы куәлігі берілген. Перзентханадан шығып үлгергендерге сыйлықтары «Қазпошта» арқылы үйлеріне жеткізілді. Біздің қызметкерлер перзентханаларды аралап, босанған әйелдерден баланың туу туралы куәлігін алуға тікелей өтініш алды. Мәліметтер аталған құжаттарды дайындау үшін АХАТ органдарына жіберілді. Мереке күндері ХҚО, АХАТ бөлімдері, медициналық мекемелер, «Қазпошта» қызметкерлері осы бокстарды дайындау үшін жұмыс істеді, – деп хабарлады «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Сабина Тауан.
Белгілі болғандай, 100-ден астам сыйлық жиынтығы оралған, ал қалғаны жеткізу үшін «Қазпоштаға» тапсырылған.
Қызым 16 желтоқсанда – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы күні дүниеге келді. Бұл біздің көптен күткен тұңғышымыз. Енді жыл сайын осы күні екі мерекені атап өтетін боламыз. Назарларыңыз бен қамқорлықтарыңызға алғысым шексіз. Мұндай сыйлық аламыз деп күтпеген едік, көңіліміз тіптен көтеріліп қалды, – деп алғысын білдірді анасы Алина.
Акция Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу және ана мен баланы қолдау шеңберінде өткізіледі.