Тәуелсіздік күні. Ливан қазақ бітімгерлерін құттықтады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ливанда Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Ливанда БҰҰ-ның Уақытшы күштерінің қосалқы батальоны алаңда салтанатты сап түзеп, Қазақстанның Мемлекеттік туы көкке көтерілді және әнұраны шырқалды.
Бітімгершілік миссияның басшылығы атынан қазақстандық әскери қызметшілерді миссия басшысы – Ливандағы БҰҰ күштерінің қолбасшысы генерал-майор Стефано Дель Кол құттықтады.
Мереке құрметіне «Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін» қазақстандық медальдармен миссия басшысы – БҰҰ күштерінің қолбасшысы генерал-майор Стефано Дель Кол мен батальон командирі полковник Нараян Сингх Бхати марапатталды.
Қазақстандық бітімгерлер – кадрлар бастығы полковник Владимир Агапонов пен өзара іс-қимыл офицері майор Батыр Тұяқовқа генерал-майор Стефано Дель Кол «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштеріне қатысқаны үшін» медалін табыстады.
Аталған іс-шара салтанатты марш жасаумен аяқталды.
Естеріңізге сала кетсек, қазіргі уақытта Ливанда бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі миссияны қазақстандық төртінші бітімгершілік рота орындауда.