Тәуелсіздігімізді сақтау үшін барлығымыз Президентіміздің жанына топтасуға дайын болуымыз керек - саясаттанушы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еуразия ұлттық университетінің саясаттану кафедрасының оқытушысы Нұржан Болатұлы елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты пікірін білдірді. Ол ел Тәуелсіздігі үшін отандастарын бірігуге шақырды.
Қадірлі отандастар! Отанымыздың болашағы мен тәуелсіздігіне сын сағаты туды. Содырлардың жантүршігерлік әрекеттері салдарынан әсем қаламыз Алматы мен еліміздің басқа да қалаларында бейбіт тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді. Бұл күндері Бас қолбасшы- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдаған төтенше шешімдері нәтижесінде еліміздің аумағында конституциялық тәртіп қалпына келтірілді, - деді ол.
Халқымыздың бір жеңнен қол бір жағадан бас шығарып, Президентіміздің жанынан бір жұдырықтай жұмылып топтасуы нәтижесінде дағдарысты еңсеріп қалыпты күнделікті өмірге қайтуымыз да алыс емес.
Барлықтарыңызды еліміздің тыныштығы мен тұтастығы жолында төтенше жағдай тәртібін сақтауға, тексерілген нақты ақпараттарға ғана назар аударуға шақырамын. Еліміздің шырқын бұзған лаңкестердің толықтай заң аясында жауапкершілікке тартылатынына сенеміз. Еліміз тәуелсіздігін сақтау үшін барлығымыз Президентіміздің жанына топтасуға дайын болуымыз керек, - деп айтты Нұржан Болатұлы.